Боранбаев соңғы мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын ашық айтты
«Қайрат» клубының Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев командадағы бапкерлік ауыс-түйіс туралы тараған қауесетке нүкте қойды.
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен телеграм-арналарда алматылық клуб басшылығының команданың нәтижесіне көңілі толмайтыны, ал бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің орнына Алексей Шпилевский қайта келуі мүмкін екені жайлы ақпарат тараған болатын.
Алайда Қайрат Боранбаев бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын ашық айтты. Оның сөзінше, мұндай ақпаратты әдейі команда ішіне алауыздық енгізгісі келетіндер таратып отыр.
«Мұны кімдер жазып отырғанын түсінемін. Олар командаға іріткі салғысы келеді. Рафаэль Уразбахтин — Қазақстандағы ең үздік бапкер», — деді Боранбаев Offside.kz сайтына берген пікірінде.
Айта кетейік, бұған дейін «ЖаркOFF» телеграм-арнасы Алексей Шпилевскийдің «Қайрат» клубына қайта оралуы мүмкін екенін хабарлаған еді.