Анарбеков Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде алты матч өткізді
Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасындағы үздік қақпашылар рейтингінен орын алды. Бұл тізімді танымал Transfermarkt порталы жариялады.
22 жастағы қазақстандық голкипер «құрғақ» матчтар көрсеткіші бойынша 36-орынға жайғасты. Анарбеков Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде алты матч өткізіп, соның біреуінде ғана өз қақпасына гол жібермеді. Оның көрсеткіші – 16,7 пайыз. Дәл осындай нәтижені Францияның «ПСЖ» клубының қақпашысы Люка Шевалье мен Праганың «Славия» командасының ойыншысы Индржих Станек те тіркеген.
Transfermarkt порталы қазақстандық қақпашының нарықтық бағасын 400 мың еуроға бағалап отыр. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Анарбеков «Қайрат» сапында алты матчта 13 гол жіберіп алғанымен, УЕФА нұсқасы бойынша матчтың үздік ойыншысы атанған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді.
Айта кетейік, «Қайрат» биыл өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған еді. Алайда сегіз тур қорытындысында алматылық клуб жеті рет жеңіліп, бір мәрте тең түсіп, турнир кестесінде 36-орынмен аяқтады.