Қайсар Бекенов отбасы жағдайына байланысты өз лауазымын босату туралы шешім қабылдаған
«Астана» футбол клубы бас директоры Қайсар Бекеновтің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады. Клуб мәліметінше, ол отбасы жағдайына байланысты өз лауазымын босату туралы шешім қабылдаған.
Қайсар Рауфұлы «Астана» клубында 2013-2019 жылдары басшылық қызметтерді атқарып, елордалық команданың ең табысты кезеңдерінің біріне куә болды. Кейін 2024 жылы клубқа қайта оралып, 2025 жылы бас директор қызметіне тағайындалған еді.
Клубтың хабарлауынша, Қайсар Бекеновтің басшылығы кезінде «Астана» Қазақстан футболындағы көшбасшы позициясын сақтап қана қоймай, халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсету жолында маңызды қадамдар жасады. Оның клубтың дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.