Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Испанияға гол соқтырмаған 40 жастағы қақпашы әлемдік жұлдызға айналды

Бүгін, 11:05

Қақпашының жазылушылары 5,6 миллионға жетті

Испанияға гол соқтырмаған 40 жастағы қақпашы әлемдік жұлдызға айналды
Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында сенсациялық нәтиже тіркелгеннен кейін Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возиньяның танымалдығы күрт артты.

Н тобының алғашқы турында Африка құрлығының шағын мемлекеті саналатын Кабо-Верде құрамасы Еуропаның қазіргі чемпионы Испаниямен 0:0 есебімен тең ойнады. Кездесудің басты қаһарманы 40 жастағы қақпашы Возинья болды. Ол матч барысында жеті сейв жасап, өз қақпасына гол жібермеді.

Ойын аяқталғаннан кейін тәжірибелі голкипердің әлеуметтік желідегі танымалдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Егер матчқа дейін оның Instagram парақшасына шамамен 50 мың адам жазылған болса, бірнеше сағат ішінде бұл көрсеткіш 5,6 миллионға дейін өсті.

Бұл көрсеткіш Кабо-Верде халқының санынан шамамен он есе көп. Ресми деректер бойынша арал мемлекетінде 525 мыңға жуық адам тұрады.

Матчтан кейінгі сұхбат кезінде журналистер Возиньяға жазылушылар санының қарқынды өсіп жатқанын айтқанда, қақпашы таңданысын жасыра алмады.

«Бұл ақылға сыймайтын нәрсе», – деді ол.

Айта кетейік, Возиньяның шын есімі – Жозимар Диас. Ол қазіргі таңда Португалияның екінші лигасында өнер көрсететін GD Chaves клубының ойыншысы. Transfermarkt дерегі бойынша оның нарықтық құны небәрі 50 мың еуроға бағаланады.

Салыстыру үшін, Испания құрамасының басты жұлдыздарының бірі Ламин Ямальдың трансферлік құны 200 миллион еуроға жетеді.

Кабо-Верде үшін бұл әлем чемпионатындағы дебюттік турнир саналады. Ал Испанияға қарсы кездесуден кейін Возинья матчтың үздік ойыншысы атанып, бір сәтте турнирдің басты сенсацияларының біріне айналды.

Бірінші турдан кейін Кабо-Верде мен Испания құрамалары бір ұпайдан жинап, Н тобында көш бастап тұр. Топта сондай-ақ Уругвай мен Сауд Арабиясы құрамалары өнер көрсетеді.

Әлем чемпионатының регламентіне сәйкес, әр топтан үздік екі құрама және үшінші орын алған сегіз үздік команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам