Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Мессидің әкесі туралы жалған ақпарат таратқан тележүргізуші қызметінен кетті

Бүгін, 19:31

Аргентинада Мессиге қатысты жалған ақпарат үлкен дауға ұласты

Мессидің әкесі туралы жалған ақпарат таратқан тележүргізуші қызметінен кетті
© Jean Catuffe / Contributor / Getty Images Sport

Аргентинада танымал тележүргізуші Флоренсия Пенья тікелей эфирде футболшы Лионель Мессинің әкесі қайтыс болды деген жалған ақпарат таратқаннан кейін қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Оқиға Luzu TV арнасындағы El Show del Verano бағдарламасы кезінде болған. Эфир барысында жүргізуші көрермендерге Мессидің әкесі, 68 жастағы Хорхе Месси көз жұмды деп хабарлаған.

Алайда көп ұзамай бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні белгілі болды. Осыдан кейін Мессидің отбасы ресми мәлімдеме жасап, Хорхе Мессидің денсаулығында белгілі бір мәселелер бар екенін, бірақ дәрігерлердің бақылауында екенін хабарлады.

«Хорхе дәрігерлердің бақылауында, ем қабылдап жатыр және оның жағдайы жақсарып келеді», – делінген отбасы таратқан мәлімдемеде.

Сондай-ақ футболшының жақындары әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған негізсіз қауесеттерге наразылық білдірді.

«Хорхенің денсаулық жағдайы туралы нақты ақпарат тек отбасының ең жақын мүшелерінде ғана бар», – деп атап өтті олар.

Оқиғадан кейін Флоренсия Пенья көпшілік алдында кешірім сұрап, арнадан кететінін мәлімдеді.

«Мен бұл жағдайдың адамдарға ауыр тиюіне себеп болғаным үшін қатты ұяламын. Маған бұл ақпарат тікелей эфир кезінде жеткізілді және мен оған сеніп қалдым. Соған қарамастан, жіберген қателігім үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын», – деді тележүргізуші.

Өз кезегінде Luzu TV басшылығы да мәлімдеме жасап, мұндай маңызды әрі сезімтал тақырыптарда тексерілмеген ақпарат таратуға жол берілмейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін әлем чемпионатындағы матчтардың бірінде көз жасына ерік берген Лионель Месси кейін Алжир қақпасына хет-трик жасап, Аргентина құрамасының 3:0 есебімен жеңіске жетуіне көмектескен болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам