Футболшының келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды
Ресейдің «Спартак» клубы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов бойынша «Ахматтан» трансфер бағасын сұратқан. Алайда Грозный клубы өз көшбасшысын арзанға жіберуге ниетті емес.
Инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, «Ахмат» 23 жастағы қазақстандық вингер үшін 10 миллион еуро талап етіп отыр. Футболшының келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды және ол Ресей Премьер-лигасында легионер саналмайды.
Клуб басшылығы Самородовты команданың негізгі жобасындағы маңызды ойыншы деп есептейді. Өткен маусымда ол барлық турнирде 34 матч өткізіп, 5 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.
Айта кетейік, трансферлік нарықтағы бағалаулар бойынша Самородовтың құны шамамен 3 миллион еуро болса да, «Ахмат» оны бұдан әлдеқайда жоғары сомаға ғана сатуға дайын.