Ербол Жұмасқалиев өз еркімен қызметінен кетті
Павлодардың «Ертіс» футбол клубы команданың жаңа бас бапкері қызметіне 48 жастағы қазақстандық маман Марат Еслямовтың тағайындалғанын ресми түрде жариялады.
Клубтың мәліметінше, Марат Еслямов мансабында «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарының намысын қорғаған. Ал бапкерлік жолында Қазақстанның бірқатар клубтарында еңбек етіп, жасөспірімдер және жастар құрамаларында, сондай-ақ ұлттық құраманың бапкерлер штабында қызмет атқарған.
Сонымен қатар, бас бапкердің көмекшісі болып тәжірибелі маман Иван Азовский тағайындалды. Ол да бұған дейін қазақстандық клубтарда жұмыс істеп, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер құрамында болған.
Марат Еслямов бапкерлік мансабында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. 2021 жылы «Ақсу» клубын Бірінші лиганың чемпионы атандырып, командамен Премьер-лигаға жолдама алды. Кейін «Қайсарды» Бірінші лиганың күміс жүлдесіне жеткізіп, қайтадан Қазақстан Премьер-лигасына шығарды. Ал 2023–2024 жылдары «Ұлытау» футбол клубын басқарды.
Еске салайық, бұған дейін «Ертіс» клубының бас бапкері Ербол Жұмасқалиев өз еркімен қызметінен кеткен болатын.