Қазақстанның екі теннисшісі өзара кездесті
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Уимблдон-2026 турнирін жеңіспен бастады. Ол сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцева мен канадалық Лейла Фернандес жұбын үш сетте жеңді.
Турнирдің алғашқы кезеңінде кортта Қазақстанның екі теннисшісі өзара кездесті. Үшінші нөмірмен тіркелген Анна Данилина мен Александра Крунич 2 сағат 1 минутқа созылған тартысты матчта 6:2, 1:6, 6:3 есебімен басым түсті.
Кездесу барысында Данилина мен Крунич төрт эйс жасап, бір ғана қос қателікке жол берді. Сондай-ақ олар 14 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды.
Осылайша Анна Данилина Уимблдонның жұптық сынында екінші айналымға жолдама алды. Келесі кезеңде қазақстандық-сербиялық жұп Сорана Кырстя / Анна Калинская және Даяна Ястремська / Ангелина Калинина жұптарының жеңімпазымен кездеседі.