Кәсіпкер аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты
Қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Кеңес Рақышев «Тараз» футбол клубын сатып алуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
Журналист Аян Төлегеннің айтуынша, кәсіпкер аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын өзі растаған.
«Желіде Кеңес Рақышевтің “Тараз” футбол клубын сатып алатыны туралы ақпарат кеңінен тарады. Көптеген парақшалар бұл жаңалықты жариялап, жұртшылық арасында оның рас екені туралы пікір қалыптаса бастады. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен бұл мәселені меценаттың өзінен сұрадым. Ол мұндай спорттық жобаны қарастырмағанын айтты. Қазіргі таңда ол үшін әлеуметтік мәселелерді шешу маңыздырақ», — деп жазды журналист Instagram парақшасында.
Бұған дейін журналист Болсынбек Дінмұхаммед әлеуметтік желіде Кеңес Рақышевтің «Тараз» клубымен келіссөз жүргізіп жатқанын және команданы басқаруы мүмкін екенін хабарлаған еді.
Айта кетейік, маусым басталар алдында Бірінші лигада өнер көрсететін «Тараз» клубына Премьер-лигаға жолдама алу міндеті жүктелген болатын. Алайда 13 турдан кейін команда турнир кестесінде тоғызыншы орында тұр.
Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы мамыр айындағы рейтингіне сәйкес, Кеңес Рақышевтің жеке байлығы 402 миллион долларды құрайды. Ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкерінің тізімінде 27-орында орналасқан.