АҚШ Конгресі ФИФА президенті Джанни Инфантиноға қатысты тергеу бастауға бастамашы болды
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасындағы Демократиялық партияның мүшесі Джейми Раскин ФИФА президенті Джанни Инфантиноның қызметіне қатысты тергеу жүргізуді талап етті.
The Guardian басылымының хабарлауынша, конгрессмен ФИФА-дан Дональд Трамп пен оның айналасына берілген сыйлықтар, қаржылай төлемдер немесе өзге де артықшылықтарға қатысты барлық құжаттар мен хат-хабарларды ұсынуды сұраған. Сонымен қатар Нью-Йорктегі Trump Tower ғимаратында өткен жылы ашылған ФИФА кеңсесіне келушілердің тіркеу журналын да талап еткен.
Бұдан бөлек, Өкілдер палатасының заң комитеті Инфантиноның стенографиялық хаттама жүргізілетін ресми сұхбатқа қатысуын сұрап отыр.
Раскиннің жолдаған хатында АҚШ Әділет министрлігінің 2015 жылғы әлем футболындағы жемқорлық дауына қатысты бірқатар айыптау актілерін қайтарып алу туралы шешімі де сөз болған. Аталған іс аясында кезінде ФИФА-ның жиырмадан астам жоғары лауазымды қызметкері мен спорттық маркетинг саласының жетекшілері қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді.
Басылымның жазуынша, Трамп пен Инфантино арасындағы байланыс әлем чемпионаты қарсаңынан-ақ қоғам назарын аударған. Былтыр Вашингтонда өткен әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімінде Трампқа арнайы тағайындалған FIFA Peace Award сыйлығы табысталды. Ал кейін ФИФА Манхэттендегі Trump Tower ғимаратынан өз кеңсесін ашты.
Әлем чемпионаты барысында да Инфантино мен Трамп сынның астында қалды. Бұған АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның қызыл қағазына қатысты шешімнің қайта қаралуы себеп болды. Бұл мәселеге Ақ үй басшысы жеке пікір білдірген болатын.
Сондай-ақ хатта әлем чемпионатына билет сату жүйесіне қатысты айыптауларға ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда бұл мәселе АҚШ-тың бірнеше штатының бас прокурорлары жүргізіп жатқан тергеудің нысанына айналған.
Раскиннің пікірінше, ФИФА Трамп әкімшілігімен жақын қарым-қатынасын пайдаланып, билет бағасын негізсіз қымбаттату және сатудың күмәнді тәсілдерін қолдану арқылы америкалық тұтынушылардың құқығына нұқсан келтірген.
ФИФА сұралған құжаттарды ұсынып, Инфантиномен өтетін сұхбаттың күнін 9 тамызға дейін келісуі тиіс.
Алайда The Guardian демократтардың Өкілдер палатасында көпшілік дауысқа ие еместігін еске салады. Сондықтан республикашылдардың қолдауынсыз Раскин Инфантиноны жауап беруге заң жүзінде міндеттей алмайды.