Енді келесі айналымның жолдамасы 11 тамызда Түркістанда шешіледі
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде болгариялық «Левски» клубымен кездескен «Қайрат» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. 90 минут бойы тең есепті ұстаған алматылықтар төреші қосқан қосымша минутта қақпасына гол жіберді.
Айта кету керек, матч алдында спорт сарапшылары «Левскидің» ірі есеппен жеңіске жететінін болжаған. Болгарияның 27 дүркін чемпионы келесі кезең жолдамасын өз алаңында шешіп тастайды деген еді олар.
Дегенмен, алматылық команда қорғанысын нықтап, 90 минут бойы алынбас қамалға айналды. Тек 90+2-ші минутта «Левски» жартылай қорғаушысы Сержинью айып алаңының сыртынан қақпаның оң бұрышын көздеген болатын. Доп жарты жолда «Қайрат» капитаны Мартыновичтің аяғына тиіп бағытын өзгертті де, голға айналды.
Енді келесі айналымның жолдамасы 11 тамызда Түркістанда шешіледі. Алматының Орталық стадионында концерт өтетін болғандықтан, «Қайрат» үйдегі ойынын «Тұран Аренада» өткізеді.