27 жастағы футболшы шабуылдан кейін көз жұмды
Уганданың «Вилла» клубының капитаны Дэвид Овори өзіне жасалған шабуылдан кейін көз жұмды.
Daily Monitor басылымының мәліметінше, 27 жастағы футболшыға 4 тамыз күні кешкі уақытта Кампала қаласындағы үйінің маңында белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Салдарынан ол өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақат алған.
Қорғаушыны жақын досы әрі бұрынғы командаласы Николас Кабонге ауруханаға есін жоғалтпаған күйде жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның жағдайы күрт нашарлап, 5 тамыз күні таңертең қайтыс болды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Дэвид Овори 2024 жылы «Виллаға» 20 жылдан кейін алғаш рет Уганда чемпионы атануға көмектесті. Мансабында ол Испанияның «Велес» және Швецияның «Утсиктенс» клубтарының намысын да қорғаған.
Футболшы «Вилла» сапындағы соңғы матчын 1 тамыз күні өткізген еді.