Италиялық жұлдыз мінез көрсетті
Түркияның «Адана Демирспор» клубында өнер көрсететін қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетов команданың негізгі құрамына алынуы мүмкін. 5ocakgazetesi.com сайтының жазуынша, бұл міндетті атқарып жүрген даңқты Марио Балотелли клуб басшыларымен сөзге келіп қалған.
Айымбетов «Адана Демирспорға» келгелі бері алаңға көп шыққан жоқ. Шыққан күннің өзінде жарқылдап көзге түсе алмады.
«Ол қазір командаға үйреніп жатыр. Соңғы «Трабзонспормен» болған матчта алаңға екінші таймда шығып, алдыңғы ойындармен салыстырғанда жақсырақ ойнады. Ол командадағы өз орнын табуы керек», - деп жазылған аталған материалда.
Еске салайық, соңғы ойында қазақстандық шабуылшы матч соңында алаңға шығып, командасын жеңілістен құтқаратын мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Бұл өз кезегінде жанкүйерлердің ашуын тудырып, олар Абатқа қатысты әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер жазуда.