ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Шотландиядан оралған Чесноков Ресейге кетпекші

Бүгін, 12:36

Ислам Чесноков Ресей премьер-лигасына ауысуға жақын

Шотландиядан оралған Чесноков Ресейге кетпекші
ФК Хартс

Қазақстан құрамасы мен Қостанайдың «Тобыл» клубының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков мансабын Ресей премьер-лигасында жалғастыруы мүмкін. 26 жастағы футболшыға Самараның «Крылья Советов» клубы қызығушылық танытып отыр.

Ресейлік инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, Чесноков 18 тамызда Мәскеуде медициналық тексеруден өтеді. Егер тексеру сәтті аяқталса, қазақстандық ойыншы Самараға барып, жаңа командасымен жаттығуға кіріседі.

Әзірге «Тобыл» мен «Крылья Советов» бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. 

Трансфер құны 250 мың еуро болуы мүмкін

Алдын ала ақпарат бойынша, клубтар футболшыны сатып алу міндеттемесі қарастырылған жалға алу келісімін рәсімдеуі мүмкін. Кейін Чесноковтың трансферлік құқығын сатып алу құны шамамен 250 мың еуро болады деп күтілуде.

Қазақстандық ойыншының жаңа клубындағы айлық жалақысы 2,8 млн рубль шамасында болуы мүмкін.

«Крылья Советов» Чесноковты шабуыл шебін күшейту үшін алдырғысы келеді. Егер келісім жүзеге асса, футболшы Ресейдің жоғарғы дивизионында өнер көрсетіп, мансабындағы жаңа кезеңге қадам басады.

«Зенитке» қарсы дебют жасауы мүмкін

Чесноков медициналық тексеруден өтіп, қажетті құжаттар уақытында рәсімделсе, жаңа командасындағы алғашқы ойынын көп күттірмей өткізуі ықтимал. Карповтың мәліметінше, қазақстандық футболшы 19 тамызда Ресей кубогі аясында «Зенитке» қарсы өтетін матчқа «Крылья Советовтың» сапына тіркелуі мүмкін.

Ислам Чесноков бұған дейін шетелде өнер көрсетіп көрген. 2026 жылдың басында ол Шотландияның «Хартс» клубына ауысып, Премьер-лигада 10 матч өткізіп, бір гол соқты. Кейін маусым айында «Тобылға» қайта оралды.

Қазір Чесноков «Тобылдың» негізгі ойыншыларының бірі саналады. 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасында ол бес матч өткізіп, 359 минут алаңда болған. Сонымен қатар Конференция лигасының іріктеу кезеңінде екі кездесуге қатысып, бір нәтижелі пас берген.

Қазақстан құрамасында Чесноков 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол ұлттық құрама сапында 25 ойын өткізіп, үш гол соққан.

Айта кетейік, Чесноков «Тобылмен» бірге Қазақстан кубогін екі рет және Суперкубокты бір рет жеңіп алған. Егер трансфер жүзеге асса, Ислам Чесноков Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін қазақстандық футболшылардың қатарына қосылады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам