Клуб сомасы 460 миллион еуродан асады
Португалиялық футболшы Криштиану Роналду өзі өнер көрсететін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубын сатып алуға мүдделі. Ол команданы иелену жөнінде ұсыныс дайындап жатқан инвесторлар тобына қосылды.
A Bola мәліметінше, консорциум Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорымен келіссөз жүргізбек. Қазіргі таңда «Әл-Насрды» осы қор бақылап отыр.
Инвесторлар қатарында Роналдудан бөлек, «Милан» иесі әрі RedBird Capital Partners компаниясының басшысы Джерри Кардинале бар. Сондай-ақ жобаға Ибраһим Әл-Мухайдиб, Мұхаммед Әл-Хурайджи және Шараф Әл-Харири қатысады.
Әр инвестор кемінде 92 миллион еуродан қаржы құюға дайын. Осылайша, ұсыныстың жалпы сомасы 460 миллион еуродан асады.
Келіссөздердің негізгі бөлігін Роналду мен Кардинале жүргізеді. Консорциум өкілдері алдағы 48 сағат ішінде Мемлекеттік инвестициялық қордың басшылығымен кездесіп, клубты басқару құқығын беру мәселесін талқыламақ.
Әзірге тараптар келісімге келген жоқ. Мәміленің жүзеге асуы Сауд Арабиясының инвестициялық қоры қабылдайтын шешімге байланысты.