Ұлттар лигасының B дивизионында өнер көрсетіп жатқан Израиль өз алаңында Ирландияны қабылдап, 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен, бұл ойын соғылған голдармен ғана емес, матч алдында болған наразылық акциясымен есте қалды.
Израиль әнұраны шырқалған кезде Ирландия командасының өкілдері басын төмен түсіріп, алаң иелерінің мемлекеттік рәмізіне құрметсіздік танытқан. Ал, әнұраннан кейін ойыншылардың қол алысу рәсімінде ирландықтар израильдік футболшылармен амандасудан бас тартты. Сондай-ақ, олар Газада қаза тапқандардың рухына құрмет ретінде қолдарына қара шүберек байлап шықты.
Белгілі болғандай, матч алдында Ирландия командасында алаңға шығу-шықпау мәселесі де көтерілген екен. Футболшылар көпшілік дауыспен матчты ойнау керек деген шешімге келгенімен, қақпашы Базуну мұнымен келіспей, стадионды тастап кетіп қалған.
«Менің бұл шешімім өмірлік көзқарасыма байланысты қабылданды, мен жазықсыз адамдарды өлтіруді мақұлдамаймын. Мен израильдіктерге немесе Израиль қоғамына қарсы емеспін, тек аймақта болып жатқан айуандықты қолдамаймын», - деді Базуну.
Матчтағы үш голдың бәрі бірінші таймда соғылды. Алдымен 13-минутта Трой Парротт есеп ашса, араға үш минут салып Адам Айда екінші голды, 25-минутта Джек Мойлан үшінші голды соқты.