Осылайша төрт ойында небәрі екі ұпай жинаған Қазақстан C дивизионындағы 3-топта соңғы орында қалып қойды
Ұлттар лигасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасы төртінші турда Фарер аралдарымен кездесіп, 2:2 есебімен тең тарқасты.
Матч «Астана Аренада» өтті. Есепті бірінші таймда қонақтар ашты. 22-минутта бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші секірген Петур Кнутсен Анарбаев күзеткен қақпаға баспен гол соқты. Ал, Қазақстан құрамасы жеңіліп жатқанына қарамастан қарсылас қақпасына бірде-бір қауіпті шабуыл жасай алған жоқ.
Екінші таймда да Фарер аралдарының ойыншылары белсенді көрінді. 63-минутта Қазақстан қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланған Геза Давид Тури алыстан шірене тартып, Анарбаев қақпасына екінші голды соқты. Алайда, араға екі минут салып Фарер қорғаушысы Агнарссон екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Тек осыдан кейін ғана Қазақстан өз шабуылын үдетті. Нәтижесінде 68-минутта Сергей Малый есепті қысқартса, 76-минутта Нұралы Әліп таразы басын теңестірді.
85-минутта төреші Қазақстан қорғаушысы Сергей Малыйға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Шкип шәкірттері жеңіс голын соға алған жоқ.
Осылайша төрт ойында небәрі екі ұпай жинаған Қазақстан C дивизионындағы 3-топта соңғы орында қалып қойды. Екі ұпайды да дәл осы Фарер аралдарымен болған қос ойында алған.