ҚФФ ұлттық құрамадағы жағдайға байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Скотт Манн ұлттық құраманың сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді

ҚФФ
ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн жанкүйерлер мен футбол қауымдастығына үндеу жасап, ұлттық құраманың соңғы нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

Федерация өкілі ең алдымен қиын сәттерде ұлттық құрама мен ойыншыларға қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлерге алғыс айтты.

«Соңғы ойындағы нәтиже біз үшін мүлдем сын көтермейді. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз және Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс деп санаймыз. Жанкүйерлердің ренішін толықтай түсінеміз және онымен келісеміз», – деді Скотт Манн.

Оның айтуынша, федерация отандық футболдың дамуына және ұлттық құрамаға қатысты қабылданатын шешімдерге тікелей жауапты. Сондықтан қазіргі жағдайда жауапкершілікті жекелеген адамдарға ысыра салу дұрыс емес.

Қазір ұлттық құраманың алдында іріктеу кезеңіндегі тағы екі матч бар. Қазақстан сырт алаңда Молдовамен, ал Астанада Словакиямен кездеседі.

«Қазіргі басты міндетіміз – осы кезеңді мейлінше абыроймен аяқтау. Біз бұл ойындарды өткізіп, жағдайға адал баға беріп, содан кейін ғана жүйелі шешімдер қабылдауымыз қажет», – деді ҚФФ бас хатшысы.

Скотт Манн іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасалатынын айтты. Оның барысында команданың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі, бапкерлер штабының жұмысы мен көрсеткен нәтижелері жан-жақты қаралады.

Сонымен қатар талдау тек негізгі құраммен шектелмейді. ҚФФ U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 құрамаларынан бастап, ұлттық құрамаға дейінгі ойыншыларды даярлау жүйесін қайта қарамақ.

«Техникалық орталықтың, Ұлттық құрамалар департаментінің және ойыншыларды дамыту жүйесінің жұмысына нақты баға беруіміз керек. Біз үшін қазір не болып жатқанын ғана емес, бұл жағдайға қалай тап болғанымызды түсіну өте маңызды», – деді Манн.

Оның сөзінше, талдау қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады. Федерация футболды дамыту үшін қажет болған жағдайда қатаң әрі түбегейлі қадамдарға баруға дайын.

«Алға даму үшін ең түбегейлі әрі қатаң шешімдерге де баруға дайынбыз», – деді ол.

Скотт Манн Қазақстан футболының стратегиялық мақсаты Еуропа чемпионатына шығу екенін атап өтті. Оның айтуынша, келесі іріктеу кезеңіне дайындықты қазірден бастау қажет.

«Жанкүйерлердің сенімі құр сөзбен емес, нақты нәтижемен ақталатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгін құрғақ уәде бергім келмейді. Бір ғана нәрсені айтқым келеді: біз мәселені көріп отырмыз, оған көз жұма қарамаймыз және оны шешу жолында тынымсыз жұмыс істейміз», – деді ҚФФ бас хатшысы.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам