«Қайсар» 15-орынға құлдырап, турнирден «ұшып кету» алдында тұр
Қазақстан Прмеьре-лигасының кезекті маусымы аяқталуға жақын. Мәре жақындаған сайын «Ордабасы» мен «Қайрат» арасында чемпиондыққа талас та қыза түсті.
Шымкенттік клуб алматылықтардан төрт ұпай алда келе жатқан. 28-турдың бірінші күнінде «Қайрат» өз алаңында «Жетісуды» жеңіп, ұпай айырмасын қысқартты. Алайда, бүгін «Ордабасы» сырт алаңда «Қайсарды» ойсырата жеңіп, чемпиондыққа бір табан жақындады.
Қызылордада өткен ойында есепті қонақтар ашты. 15-минутта төреші «Қайсардың» қақпасына пенальти белгілеп, Бьорн Йонсен 11 метрден мүлт кеткен жоқ. Ал, 33-минутта ол командаласы Лео Нателдің берген пасын голға айналдырып, есепті еселеді.
Бірінші тайм аяқталар тұста алаң иелері сапынан Клайдер қанжығасын майлап, «Қайсар» жанкүйерлеріне үміт сыйлаған. Алайда, қызылордалық ойыншылардың бұдан әріге шамасы жетпеді. 53-минутта «Ордабасы» сапынан Абагна гол соқса, 72-минутта Йонсен көзге түсіп, хет-трик авторы атанды.
Осылайша, 27 ойында 64 ұпай жинаған «Ордабасы» турнирлік кестенің бірінші сатысына нық жайғасты. Оны өкшелеп келген «Қайратта» 60 ұпай бар. Екі команда да әлі үш матчтан өткізеді. Ал, «Қайсар» болса 15-орынға құлдырап, турнирден «ұшып кету» алдында тұр.