Оралда 33 млрд теңгеге футбол стадионы салынады

Нысан УЕФА талаптарына сай болуы қажет

Kazfootball.kz
Kazfootball.kz

Орал қаласында 12 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионын салу жоспарланып отыр. Ақжайық шағынауданында бой көтеретін кешеннің жобалау және құрылыс жұмыстарына қосылған құн салығын есептемегенде 33,343 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Uralskweek.kz басылымы жазды.

Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу порталында тендер жариялаған. Жоспар бойынша, стадион жыл он екі ай жұмыс істеп, жылдың кез келген мезгілінде ішкі температураны қолайлы деңгейде ұстап тұруы керек. Мұнда футбол матчтарымен қатар концерттер де өткізу көзделген.

Техникалық тапсырмаға сәйкес, нысан УЕФА-ның төртінші санатынан төмен емес талаптарға сай болуы қажет. Жобалық құжаттаманы Еуропалық футбол қауымдастықтары одағымен келісу жоспарланған. Стадионның нақты сыйымдылығы мен өзге де негізгі параметрлері жобалау кезеңінде айқындалады.

Алдын ала есеп бойынша, кешеннің құрылыс аумағы 28–35 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттар үштен бес қабатқа дейін салынып, трибуналардың астына 5,9 мың шаршы метр қосалқы орынжай орналастырылады.

Негізгі алаңға табиғи немесе гибридті көгал төселеді. Сондай-ақ жылыту, су ағызу, автоматты суару және топырақты желдету жүйелері орнатылады. Концерт кезінде көгалды қорғау үшін арнайы жабын пайдаланылмақ.

Стадионның жанынан көлемі 105×68 метр болатын жаттығу алаңы салынады. Онда жарықтандыру, суару және дренаж жүйелері қарастырылған.

Кешен құрамына футбол академиясы да кіреді. Оның ғимаратында спортшыларға арналған жатын орындар, оқу сыныптары, жаттығу залы, медициналық кабинеттер, массаж және бой жазу бөлмелері, асхана мен кір жуу орындары болады.

Жобада негізгі аренада кемінде 300 VIP-орын, VVIP аймақтары және Skybox жеке ложаларын қарастыру көзделген. Бұдан бөлек, баспасөз орталығы, төрешілердің бейнекөмек жүйесіне (VAR) арналған бөлмелер, допинг-бақылау кабинеттері, киім ауыстыру және қалпына келу залдары қарастырылған.

Кешенде клуб музейі, жанкүйерлер аймақтары, тамақтану орындары мен сауда павильондары да болады. Автотұрақ кемінде 500 көлікке есептеледі.

Техникалық тапсырмада телетрансляцияға арналған жабдықтарға да ерекше мән берілген. Атап айтқанда, алаң үстіндегі Skycam камерасы, қақпа артындағы және ойыншылар туннеліндегі камералар, рельс пен крандарға орнатылатын түсіру құрылғылары және VAR жүйесі қарастырылған. Алаңның жарықтандыру деңгейі HD, 4K және 8K форматтарында трансляция жасауға мүмкіндік беретін кемінде 2000 люкс болуы керек. LED-экрандар стадионның ішінде және қасбетінде орнатылады.

Қазіргі уақытта жарияланған мәліметтерде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігердің аты-жөні мен құрылыстың басталу мерзімі көрсетілмеген.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам