«Рига» бапкері «Қайратқа» қарсы матчта жеңіске жетуге сенімді
Латвияның «Рига» клубының бас бапкері Адриан Гуля алматылық «Қайратқа» қарсы кездесуде командасы сәтті өнер көрсетіп, Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайларын алуға ниетті екенін айтты.
Словакиялық маманның айтуынша, алдағы матч футболшылар үшін де, клуб жанкүйерлері үшін де ерекше маңызды. Бапкер әзірге негізгі құрамда өзгеріс болатынын нақтыламағанымен, әр ойыншы кездесуге дайын болуы керегін атап өтті.
«Құрамның өзгеретін-өзгермейтінін әзірге білмеймін. Бірақ бұл басты мәселе емес. Барлық ойыншы алаңға шығуға дайын болуы керек. Бұл – «Рига» мен оның жанкүйерлері үшін өте маңызды матч», – деді Адриан Гуля.
Маман тактикалық дайындыққа да баса мән беріп отыр. Оның пікірінше, команда матчтың басынан соңына дейін жоғары деңгейде ойнап, зейінін жоғалтпауы қажет. Сонымен қатар ол өз алаңындағы кездесуде жанкүйерлердің қолдауы оң нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі деп үміттенеді.
«Еурокубоктағы алғашқы ұпайларымызды алуға тырысамыз. Менің ойымша, біз бұл матчта өте мықты ойнаймыз», – деді бапкер.
Халықаралық үзілістен кейін «Тукумс» командасын жеңгені де футболшыларға сенім сыйлаған. Гуляның сөзінше, бұл нәтиже ойыншылардың көңіл күйін көтеріп, еурокубоктағы маңызды кездесуге қажетті дайындық жасауға ықпал еткен.
Бас бапкер жанкүйерлерге де үндеу тастады. Оның айтуынша, «Риганың» бұған дейін «Сконто» стадионында өткізген матчына 7 мың көрермен жиналған. Гуля алдағы ойында да трибуналар толып, жанкүйерлер командаға қолдау көрсетеді деп сенеді.
«Жанкүйерлер тағы да көптеп келіп, ойынымыздан, сондай-ақ жеңісімізден үлкен ләззат алады деп үміттенемін», – деп түйіндеді маман.
«Рига» мен «Қайрат» арасындағы Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы тур матчы 15 қазанда Латвия клубының алаңында өтеді.