Мбаппенің анасының үйіне тінту жүргізілген
«Реал Мадрид» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе мен оның анасы әрі агенті Файза Ламари Франция құрамасының бұрынғы қауіпсіздік қызметкері Мұхамед Санхаджиге қатысты жемқорлық ісі бойынша тергеу аясында жауап берді. Француз БАҚ-тарының мәліметінше, Ламаридің үйінде тінту жүргізілген. Алайда оған ресми айып тағылған жоқ.
Soccer басылымының хабарлауынша, Файза Ламари Санхаджиге қатысты қылмыстық істі қарастырып жатқан үш тергеуші судьяға жауап берген. Қазір ол Францияның құқықтық жүйесінде «күдікке ілінген куәгер» (témoin assisté) мәртебесіне ие. Бұл мәртебе адамға қатысты белгілі бір күдік бар екенін білдіреді, бірақ ресми айып тағылғанын білдірмейді.
Істің негізгі фигуранты кім?
16 қыркүйекте Франция құрамасының қауіпсіздік қызметінде бұрын жұмыс істеген Мұхамед Санхаджиге жемқорлық, алаяқтық және салық төлеуден жалтару бойынша айып тағылған. Бұрын полиция қызметкері болған ол мемлекеттік қаражатты жымқыру, ықпал саудасы және ақшаны жылыстату күдігі бойынша да тергеліп жатыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, Санхаджи футболшылардан ақша мен сыйлықтар алған болуы мүмкін. Іс аясында Франция футбол федерациясының штаб-пәтерінде де тінту жүргізілген.
Мбаппе Санхаджиге 180 мың еуродан астам ақша берген
Француз БАҚ-тарының мәліметінше, Килиан Мбаппе Санхаджиге жалпы сомасы 180 300 еуро аударған. Оның 120 мың еуросы футболшының анасының араласуымен тұрғын үй сатып алуға берілген қарыз болған. Ал қалған 60 300 еуро 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін сыйақы ретінде төленгені айтылады.
Мбаппенің өзі де осы қаржылық операцияларға қатысты жауап берген. Дегенмен футболшыға қылмыстық айып тағылғаны туралы ақпарат жоқ.
Тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Файза Ламариге ресми айып тағылмаған, ал Мбаппенің де бұл іс бойынша айыпталғаны жөнінде мәлімет жарияланбаған.