Футболшы «Бернлидің» алдағы бірнеше кездесуін өткізіп алуы мүмкін
Англияның «Бернли» клубының жаңа бас бапкері Фабио Челестини қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың денсаулығына байланысты жағдайға түсініктеме берді.
18 жастағы футболшы санның артқы бұлшықетінен тағы да жарақат алған. Осыған ұқсас жарақатына байланысты ол 2 қыркүйектен бастап бір айдан астам уақыт алаңға шыға алмады. Сәтпаев 10 қазанда қайта ойнай бастағанымен, енді «Челсиден» жалға алынған қазақстандық футболшы «Бернлидің» алдағы бірнеше кездесуін өткізіп алуы мүмкін.
«Қазір біз бұл мәселені «Челсимен» бірлесіп шешіп жатырмыз. Оның санның артқы бұлшықетіне қатысты мәселесі бар. Мұны екі клуб болып, біртіндеп, күн сайын бақылап, реттеуіміз керек. Әрі қарай не болатынын көреміз», – деді Челестинидің сөзін Burnley Express басылымы.
Швейцариялық маман Сәтпаевтың нақты қашан алаңға оралатынын айта алмады.
«Мен бұл клубқа келгеніме небәрі 48 сағат болды. Қолымда біраз ақпарат бар, бірақ оның бәрі толық болмауы мүмкін», – деді бапкер.
Айта кетейік, жарақатына байланысты Дастан Сәтпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қараша айындағы ойындарына арналған соңғы тізімге енген жоқ. Ал бұған дейінгі жарақаты салдарынан ол «Бернлидің» чемпионаттағы алғашқы төрт турын да өткізіп алған еді.