2024 жылы «Қызылжар» футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған
Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубын бұрын басқарған 72 жастағы Григорий Лорияға іздеу жарияланды. Бұл туралы KazTAG агенттігі хабарлады.
Қазақстанның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталындағы дерекке сәйкес, Лорияға қатысты іздеу ісі 2026 жылғы 7 қарашада тіркелген. Іздеуді Қаржылық мониторинг агенттігі бастаған. Ал оны іздестіруді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
HALYQSTAN Telegram-арнасының хабарлауынша, Лорияға қатысты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерден жалтару деректері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, ол экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап беруге шақырылғанымен, белгіленген уақытта келмеген. Бұдан бөлек, тергеу тарапының оны сырттай қамауға алу туралы өтінішхаты қаралған сот отырысына да қатыспаған. Осыдан кейін Лорияға іздеу жарияланған.
Еске салайық, 2024 жылы «Қызылжар» футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған еді. Осы іске байланысты клуб бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2026 жылғы қаңтарда сот үкімімен жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.