«Ордабасы» Қазақстан кубогінің үш дүркін жеңімпазы атанды

Соңғы рет 2022 жылғы маусымда шымкенттік клуб аталған трофейге ие болған еді

ФК "Ордабасы"
ФК "Ордабасы"

«Ордабасы» Қазақстан кубогінің финалында «Қайсармен» кездесіп, 4:1 есебімен ойсырата жеңіске жетті. Осылайша шымкенттік клуб биыл «алтын дубль» жасады. Яғни, ел чемпионаты мен Кубогін қатар жеңіп, ерекше жетістікке қол жеткізіп отыр.

Кубоктің финалы «Түркістан Аренада» өтті. Матч бастала салысымен «Ордабасы» ойыншылары қарсылас қақпасына лап қойып, жан-жақтан қыспаққа алды. Нәтижесінде небәрі жетінші минутта Султанбек Астанов есеп ашты. Ал, 41-минутта Қазақстанның ең үздік сұрмергені Бьорн Йонсен есепті еселеді.

Екінші тайм басында «Қайсар» шабуыл шебін күшейту үшін бірден екі ойыншыны алмастырған. Алайда, Байсуфинов жаттықтыратын қызылордалық командаға бұл көмектескен жоқ. Керісінше, «Қайсар» өз қақпасына тағы екі гол жіберді. 60-минутта Йонсеннің пасын Абагна голға айналдырса, 71-минутта Эльхан Астанов қанжығасын майлады. Ал, 85-минутта «Қайсар» шабуылшысы Агостиньюның айып алаңына асырған пасы байқаусызда қақпаға кіріп кетіп, таблодағы көрсеткіш 4:1-ге жетті. Мұнан кейін қос клубтың жанкүйерлері соғылған гол көрген жоқ.

Осылайша «Ордабасы» Қазақстан кубогін үшінші рет жеңіп отыр. Соңғы рет 2022 жылғы маусымда шымкенттік клуб аталған трофейге ие болған еді.

Ал, «Қайсар» болса биылғы маусымды сәтсіз аяқтады. Қызылордалықтар ҚПЛ-ден «ұшып», Бірінші лигаға төмендеген. Енді Кубоктің финалында да жолы болған жоқ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам