«Арыс» клубының директоры Арман Пірмановқа ескерту берілді
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті «Арыс» клубының бас бапкері Ғалымжан Есенбаевқа қатысты шешім шығарды.
ҚФФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, маман клубтың ресми өкілі ретінде матч нәтижесіне ықпал ету әрекеті туралы өзіне белгілі ақпаратты тиісті органдарға хабарламаған. Осыған байланысты Есенбаев 2027 жылдың 1 тамызына дейін федерация аясындағы барлық жарыстан шеттетілді.
Сонымен қатар «Арыс» клубының директоры Арман Пірмановқа ҚФФ нормативтік құжаттарының талаптарын қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін ескерту берілді.
Ал клубтың өзіне қызметтік тергеу аясындағы ҚФФ тапсырмасын орындамағаны және келісілген матчтарға қарсы саясат талаптарын сақтамағаны үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 3 желтоқсанға дейін төлеу қажет.
Айта кетейік, «Арыс» Бірінші лигада өнер көрсетеді. Өткен маусымда команда 33 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орын алды.