Оқиға 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде болған
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақов Криштиану Роналдумен байланысты қызықты оқиғаны айтып берді. Бұл жағдай 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Португалия мен Қазақстан құрамалары арасындағы матчтан (3:0) кейін болған. Бұл туралы sports24.kz тілшісі Ануар Абдірахманов жазды.
Сол кезде Қазақстан құрамасында ойнаған, қазір «Ордабасы» клубының спорт директоры қызметін атқаратын Қайрат Әшірбековтің әрекеті Роналдуды таңғалдырған.
Смақовтың айтуынша, допинг-бақылау кезінде футболшыларға зәр сынамасын тапсыруға көмектесу үшін сыра берілген. Алайда Роналду бөтелкенің қақпағын аша алмай әуреге түсіпті. Ал Қайрат Әшірбеков бір бөтелкенің көмегімен екіншісін оп-оңай ашып, португалиялық жұлдызды таңғалдырған.
«Бұл Қайрат Әшірбеков еді. Допинг-бақылау кезінде бізге сыра беретін, өйткені сынама тапсыру керек болатын. Роналду бөтелкені аша алмай жатты. Ал Қайрат бір бөтелкемен екіншісін ашып берді. Роналду аң-таң болып, тағы бір рет көрсетуді сұрады. Қайрат қайталап көрсетті, бірақ Криштиану өзі бәрібір аша алмады», – деді Самат Смақов.