«Әкесі үшін баласы жауап бермейді»: Давид Лория депутаттыққа кандидат болып қала береді

Оның әкесі Григорий Лория 414 миллион теңгені жымқырды деп айыпталып отыр

коллаж: 1bol.kz
коллаж: 1bol.kz

Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидат Давид Лорияны әкесіне қатысты жағдайға байланысты үміткерлер қатарынан шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Оның әкесі, «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лория 414 миллион теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.

Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабековтен Григорий Лорияға қатысты жағдай ұлының кандидатурасына әсер ете ме деп сұраған.

«Әкесі үшін баласы жауап бермейді ғой. Оның бұған қандай қатысы бар? Ол – ересек адам. Бұл жағдай ешқандай әсер етпейді», – деді Жұмабеков.

Оның айтуынша, егер құқық қорғау органдары Давид Лорияның өзіне қатысты қандай да бір мәселе көтерсе, комиссия прокуратурамен кеңесіп, оның құқықтық қорытындысын ескереді.

Ал әкесіне қатысты күдікке пікір білдірген Давид Лория Қазақстан заңнамасында кінәсіздік презумпциясы қағидаты бар екенін еске салды.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кінәсіздік презумпциясы қағидаты қолданылады. Оған сәйкес, адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденіп, сот үкімі заңды күшіне енбейінше, ол кінәлі деп есептелмейді», – деді ол.

Сондай-ақ Давид Лория футбол клубтарының қызметіне және жарияланып жатқан оқиғаларға қатысы жоқ екенін атап өтті. Ол спорт инфрақұрылымы мен футболды дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыратынын жеткізді.

«Мен әрдайым елге деген шынайы сүйіспеншілікті, қоғам алдындағы жауапкершілікті және халық игілігі үшін еңбек етуді басты ұстаным етіп келемін», – деді ол.

Давид Лория кім?

Давид Лория – Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы. 2025 жылғы сәуірден бастап Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті қызметін атқарды. 2026 жылғы маусымда бұл қызметтен кетті.

2026 жылғы қазанда «Әділет» партиясы оны Астана қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде ұсынды. Кейін қалалық аумақтық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам