Зинедин Зидан мен Килиан Мбаппе арасында түсініспеушілік пайда болды

Франция құрамасында түсініспеушілік туындады

Global Look Press
Global Look Press

Франция құрамасының бас бапкері Зинедин Зидан мен шабуылшы Килиан Мбаппе арасында алаңдағы орнына байланысты келіспеушілік туған. Француз баспасөзінің мәліметінше, жағдай қыркүйекте Түркияға қарсы өткен Ұлттар лигасының матчынан кейін ушыққан.

Сол кездесуде Зидан 4-3-3 жүйесін таңдап, Мбаппені шабуылдың сол қапталына орналастырды. Ал орталық шабуылшы міндетін Усман Дембеллеге тапсырды. Бұл шешім Мадридтің «Реалында» көбіне шабуылдың ортасында ойнайтын Мбаппеге ұнамаған.

Алайда бапкер мен ойыншы арасында ашық жанжал болған жоқ. Соған қарамастан, екеуінің арасындағы түсіністік әзірге қалпына келмеген. L’Équipe басылымының хабарлауынша, Зидан жағдайды реттеп, команда капитанымен қарым-қатынасын жақсартуға ниетті.

Бапкердің алғашқы қадамы да белгілі болды. Қараша айындағы ойындарға арналған құрамды жариялау кезінде Зидан Мбаппенің шабуылдың ортасында ойнайтынын айтты.

«Килиан бірнеше позицияда ойнай алады. Бұл жолы оған өзі қалаған орында – шабуылдың ортасында өнер көрсетуге мүмкіндік береміз. Бұған қатысты ешқандай мәселе жоқ», – деді Зидан.

Бұл шешімге Усман Дембелленің жарақатына байланысты қарашадағы матчтарға қатыспайтыны да әсер еткен.

Еске салайық, Франция құрамасы Ұлттар лигасының бірінші тобында төрт турдан кейін 10 ұпаймен көш бастап тұр. Команда 12 қарашада Миланда Италиямен, ал 15 қарашада Бордода Түркиямен кездеседі.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам