Ресей құрамасы 35-орында, ал Өзбекстан құрамасы 59-сатыда тұр
Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро Ресей құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге қатысты пікір білдірді. Итальяндық маман қарсыластың ойын мәнерін жоғары бағалап, алдағы матч өз командасы үшін жақсы сынақ болатынын айтты.
«Мен Ресей құрамасының ойыншыларын да, команданың өзін де жақсы білемін. Осы уақыт ішінде олардың көптеген кездесуін көрдік. Бұл – шынымен мықты команда. Өйткені олар біртұтас ұжым ретінде ойнайды. Бас бапкері Валерий Карпинді де танимын, ол кезінде өте жақсы футболшы болған. Ресей құрамасының ойын жүйесі қалыптасқан. Олар ширақ қимылдайды, алаңда жинақы ойнап, бірлесе әрекет етеді. Бізге оңай болмайды. Дегенмен әр команданың өз артықшылығы мен осал тұстары бар. Біз мұның бәрін ойыншыларымызға бейнежазбалар арқылы көрсетіп жатырмыз.
Мен үздік командаларға қарсы ойнағанды ұнатамын. Ресей құрамасымен кездесу біз үшін маңызды. Бұл – өз деңгейімізді тексеруге жақсы мүмкіндік әрі ойыншыларымыз үшін құнды тәжірибе», – деді Каннаваро баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, ФИФА рейтингінде Ресей құрамасы 35-орында, ал Өзбекстан құрамасы 59-сатыда тұр. Екі команда тарихта екінші рет кездеседі. Алғашқы матч 2022 жылғы қарашада Ташкентте өтіп, 0:0 есебімен аяқталған.
Ресей мен Өзбекстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 12 қарашада Ташкенттегі «Пахтакор» стадионында өтеді. Ойын Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.