Жарақат па, жанжал ма? Мбаппе Италияға қарсы ойнамайтын болды

Бұған дейін француз баспасөзінде Зидан мен Мбаппенің арасында келіспеушілік туғаны туралы ақпарат тараған

Global Look Press
Global Look Press

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе Ұлттар лигасы аясында Италияға қарсы өтетін кездесуге қатыспайды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Зинедин Зидан мәлімдеді.

Футболшының ойынға қатыспауына денсаулығындағы мәселе себеп болғанымен, соңғы уақытта екеуінің арасында түсініспеушілік туындағаны туралы ақпарат та тараған.

Франция мен Италия арасындағы Ұлттар лигасының бесінші турындағы кездесу 12 қарашадан 13 қарашаға қараған түні Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтеді.

Зиданның айтуынша, Мбаппе аздап ауырсыну сезінген. Сондықтан бапкерлер штабы футболшының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін оны алдағы ойынға қоспау туралы шешім қабылдаған.

«Килиан ертеңгі матчқа қатыса алмайды. Ол аздап ауырсыну сезінді. Мұндай жағдайда тәуекелге бармаймыз. Әрине, бұл өкінішті, бірақ футболда мұндай жағдайлар болып тұрады. Жексенбі күні Түркияға қарсы ойынға оралады деп үміттенемін. Бұған дейін Орельен Тчуамени мен Маркус Тюраммен де осындай жағдай болған. Олар екінші матчқа қатыса алмады. Мұндай кезде футболшылар үйде қалып, қалпына келуі керек», – деді бас бапкер УЕФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, бұған дейін француз баспасөзінде Зидан мен Мбаппенің арасында келіспеушілік туғаны туралы ақпарат тараған еді. L’Équipe басылымының мәліметінше, жағдай қыркүйекте Түркияға қарсы өткен Ұлттар лигасының матчынан кейін ушыққан.

Сол кездесуде Зидан 4-3-3 тактикалық жүйесін қолданып, Мбаппені шабуылдың сол қапталына орналастырған. Ал орталық шабуылшы міндетін Усман Дембеллеге тапсырған. Бұл шешім «Реал Мадридте» көбіне шабуылдың ортасында өнер көрсететін Мбаппеге ұнамағаны айтылды.

Дегенмен бапкер мен футболшы арасында ашық жанжал болғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Соған қарамастан, олардың арасындағы түсініспеушілік бірден шешілмеген. L’Équipe басылымының хабарлауынша, Зидан команда капитанымен қарым-қатынасты реттеуге ниетті.

Бас бапкер қараша айындағы матчтарға арналған құрамды жариялау кезінде Мбаппенің енді шабуылдың ортасында ойнайтынын да мәлімдеген.

«Килиан бірнеше позицияда ойнай алады. Бұл жолы оған өзі қалаған орында – шабуылдың ортасында өнер көрсетуге мүмкіндік береміз. Бұған қатысты ешқандай мәселе жоқ», – деді Зидан.

Мұндай шешімге Усман Дембелленің жарақатына байланысты қарашадағы ойындарға қатыспайтыны да әсер еткен.

Осылайша, Мбаппенің Италияға қарсы матчты өткізіп алуы жарақатына байланысты екені айтылғанымен, оның Зиданмен қарым-қатынасына қатысты сауалдар да әзірге толық сейілген жоқ.

Еске салайық, Франция құрамасы Ұлттар лигасының бірінші тобында төрт турдан кейін 10 ұпаймен көш бастап тұр. Француздар 12 қарашада Италиямен Миланда, ал 15 қарашада Түркиямен Бордода кездеседі.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам