Питер Левен кәсіби футболшы ретінде 300-ден астам матч өткізген
Семейдің «Елімай» футбол клубын шотландиялық маман Питер Левен жаттықтырады. 43 жастағы бапкер команда тізгінін ресми түрде қолға алды.
Питер Левен бұған дейін Шотландияның «Абердин» клубының жаттықтырушылар штабында қызмет атқарған. 2025 жылы аталған командамен бірге Шотландия кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар үш рет бас бапкер міндетін уақытша атқарды.
Сондай-ақ шотландиялық маман Марцел Личканың көмекшісі ретінде Ресейдің «Оренбург» клубында жұмыс істеді. Бұл команда 2022 жылы Ресей Премьер-лигасына жолдама алған.
Левен Беларусьтің «Динамо-Брест» клубында да еңбек етті. Оның команда сапында қызмет атқарған кезеңінде клуб 2018 жылы Беларусь кубогын, 2019 жылы ел чемпионатын жеңіп, 2019 және 2020 жылдары Суперкубок иегері атанды.
Питер Левен – «Рейнджерс» академиясының түлегі. Кәсіби футболшы ретінде 300-ден астам матч өткізіп, «Килмарнок», «Милтон-Кинс Донс» клубтарында және Шотландияның жастар құрамасында өнер көрсетті.
Еске салайық, бұған дейін «Елімай» командасынан қазан айының соңына дейін бас бапкер болған Андрей Карпович кеткен еді. Маусымның соңғы турында бас бапкер міндетін Серікбек Қаппаров атқарды.
ҚПЛ-2026 қорытындысы бойынша семейлік клуб 30 матчта 45 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орынға тұрақтады.