Аргентиналық футболшы қарсыласының басын доппен ұрып, төрешіден сары қағаз алды
«Интер Майами» шабуылшысы Лионель Месси MLS плей-офф кезеңіндегі «Коламбус Крюге» қарсы матчта жанкүйерлердің көңілін қалдырды.
Аргентиналық футболшы қарсыласының басын доппен ұрып, төрешіден сары қағаз алды. Алайда жанкүйерлер оны алаңнан қуылуы керек еді деп есептейді.
MLS чемпионатының плей-офф кезеңінде қазіргі чемпион «Интер Майами» Шығыс конференциясында екінші орын алып, 1/8 финалда «Коламбус Крюмен» кездесті.
Бірінші таймның соңына қарай Месси күтпеген әрекетке барды. Аут лақтыру кезінде қарсыласы Тапианың алаң жиегінен алыстауын күтпестен, допты оның басына қарай лақтырды. Чилилік футболшы бетін ұстап, жерге құлады. Ал Месси қарсыласының жағдайын сұраудың орнына төрешіден ойынға кедергі келтіргені үшін оған сары қағаз көрсетуді талап етті.
Төреші екі футболшыға да ескерту жасады. Бұл шешім «Коламбус Крю» бас бапкері Лоран Куртуаны қанағаттандырмады. Ол Мессидің алаңнан қуылуы керек болғанын айтты.
«Бұл жай ғана сары қағаздан әлдеқайда ауыр жағдай еді», – деді маман баспасөз мәслихатында.
Мессидің әрекеті әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Бірқатар жанкүйер аргентиналық футболшыға төрешілердің ерекше қарайтынын айтып, оны Криштиану Роналдумен салыстырды. Олардың пікірінше, мұндай әрекетке басқа футболшы барса, қызыл қағазсыз құтылмас еді.
Соған қарамастан, Месси алаңда қалғанымен, «Интер Майами» матчты құтқара алмады. Қонақтар тағы екі гол соғып, 3:0 есебімен жеңіске жетті.