«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
«Бешикташ» пен израильдік «Хапоэль» (Беэр-Шева) арасындағы кездесу қақтығыспен аяқталды
Еуропа лигасы аясында Грузияның Батуми қаласында өткен түркиялық «Бешикташ» пен израильдік «Хапоэль» (Беэр-Шева) арасындағы кездесу жанкүйерлер мен полиция арасындағы ауыр қақтығыспен аяқталды.
Трибунадағы Палестина туы және 30 минуттық үзіліс
Шиеленіс ойын басталмай тұрып стадион сыртында тұтанып, 25-минутта шарықтау шегіне жетті. «Бешикташ» жанкүйерлері Палестина туын көтерген сәтте жергілікті тәртіп сақшылары көз жасаурататын газ шашып, күш қолданды. Жағдай ушығып кеткендіктен, төрешілер мен қос команда алаңнан кетіп, матч шамамен жарты сағатқа тоқтатылды. Haber Global дерегінше, арена сыртында бірнеше түрік жанкүйері есінен танғанша соққыға жығылса, трибунадағы қақтығыстан кейін бір фанатты жедел жәрдем зембілмен алып кеткен.
Тәртіпсіздік барысында үш полицей жарақат алып, заң бұзған 16 адам қамауға алынды. Министрлік жанкүйерлерді балағат сөз айтып, стадион мүлкін қиратты және полицейлерге орындық лақтырды деп айыптады.
Түркиялық клуб полицияның шектен тыс әрекетін қатаң айыптап, УЕФА мен Түркияның Батумидегі Бас консулдығына ресми шағым түсірді. Клуб басшылығының араласуымен УЕФА өкілдері эвакуациялық қақпаларды ашып, фанаттарды трибунаға кіргізген.
Ердоған жағдайды жеке бақылауына алды
«Бешикташ» президенті Сердал Адалы команданың Түркияның Ризе қаласынан Батумиге көлікпен аса қиын жағдайда жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, ауруханаға түскен екі жанкүйер үйлеріне шығарылған, ал қамаудағы азаматтарды елге қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ клуб басшылығы оқиғадан кейін Сердал Адалыға арнайы телефон соғып, істі жеке бақылауына алған Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанға алғыс білдірді.