Ағылшын футболының алыбы Чемпионшипке түсіп қалуы мүмкін бе?
«Реал» 33 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында қалды
Мадридтік «Реал» Испания чемпионатының 14-туры аясында өз алаңында «Алавеске» 1:2 есебімен жол берді. Осылайша, корольдік клуб барлық турнирде қатарынан тіркеген он жеңіс сериясын тоқтатты.
28 қарашада Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен кездесуде есепті 22-минутта қонақтар шабуылшысы Тони Мартинес ашты. Ал 61-минутта Анхель Перес «Алавестің» басымдығын еселей түсті.
69-минутта француз шабуылшысы Килиан Мбаппе есеп айырмасын қысқартқанымен, алаң иелері таразы басын теңестіре алмады.
Ойынның 88-минутында Джуд Беллингем симуляция жасағаны үшін екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Бұл жеңіліс мадридтік клуб үшін биылғы маусымда Испания чемпионатындағы өз алаңындағы алғашқы сәтсіздік болды. Сонымен қатар команда Ла Лигадағы қатарынан алты жеңіс сериясын да үзді.
Осы нәтижеден кейін «Реал» 33 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында қалды. Ал «Алавес» 19 ұпаймен сегізінші сатыға көтерілді.
Мадридтік клуб келесі кездесуін 2 желтоқсанда сырт алаңда «Реал Сосьедадқа» қарсы өткізеді. Ал «Алавес» 4 желтоқсанда «Эспаньолды» қабылдайды.