Матч тағдыры пенальтиде шешілді
Азия Чемпиондар лигасының ширек финалында саудиялық «Әл-Наср» «Әл Айн» клубынан (БАӘ) жеңіліп, жарысты аяқтады.
«Әл-Наср» шабуылшысы Криштиану Роналду матч барысында 100 проценттік мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. 61-минутта қарсыластың айып алаңындағы қарбалас кезінде португалдық шабуылшы қақпамен жалғыз қалып, допты қисық теуіп жіберді.
Матч 3:2 есебімен «Әл-Насрдың» пайдасына аяқталған. Дегенмен, екі ойынның нәтижесінде тең есеп тіркеліп, командалар жеңімпазды пенальтиден анықтады. «Әл-Насрдың» үш ойыншысы – Марсело Брозович, Алекс Теллес және Отавио 11-метрлік нүктеден гол соға алмады. Салдарынан саудиялық клуб жарысты осы межеде аяқтап отыр.