«Ақтөбе» де жанкүйерлердің ерсі қылығы үшін 369 мың теңге айыппұл төлейді
Екі апта бұрын Алматыда болған «Қайрат» – «Ақтөбе» матчында жанкүйерлермен болған келеңсіз жайттан кейін Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік бақылау комитеті қос командаға да айыппұл салды. Бұл туралы ҚФФ-ның ресми сайтында хабарланған.
Еске салайық, аталған матч 20 сәуірде өтіп, «Ақтөбенің» жеңісімен аяқталған болатын (3:1). Сол ойынға келген жүздеген жанкүйер қолында билеті бола тұра стадионға кіре алмай, ұйымдастыру тарапына көптеген шағым түскен еді.
Кіргізу бекеттерінде жеткілікті мөлшерде жұмысшылардың болмауынан, яғни билеттерді тексеріп, жанкүйерлерді кіргізу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмағандықтан «Қайрат» клубына 150 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, жанкүйерлердің еркін кіріп-шығуына, секторлар арасында қозғалуына тиісті жағдай жасалмай, қауіпсіздік техникасы сақталмағандықтан «Қайрат» клубына тағы 150 АЕК айыппұл салынады.
Қарсылас команданың ойыншылары мен жанкүйерлеріне балағат сөз айтып, бас төрешінің бетіне лазер сәулесін түсіргені үшін «Қайрат» футбол клубына қосымша 150 АЕК айыппұл салынады.
Дәл осындай ерсі қылық көрсеткен ақтөбелік жанкүйерлердің әрекеті үшін де «Ақтөбе» футбол клубына 150 АЕК көлемінде айыппұл салынып отыр.
Командалар айыппұлды биыл 26 мамырға дейін төлеуі тиіс.
Осылайша, «Қайрат» клубына салынған айыппұлдың жалпы көлемі 1,66 млн теңгені құраса, «Ақтөбе» 369 200 теңгеге шығындалады.