Жаңа конкурс! Видеоны көріп, конкурстың шартымен танысып 5000 теңге ұтып ал!

Kaspi Bank иесі Ломтадзе қазақ футболын дамытуға 10 млрд теңге салады

06.05.2024, 11:31

Ол ағылшын клубын қанша ақшаға сатып алғанын айтқан жоқ

Kaspi Bank иесі Ломтадзе қазақ футболын дамытуға 10 млрд теңге салады
Kaspi bank

Еліміздегі ең танымал банк Kaspi-дің иесі Михаил Ломтадзенің кеше Англияның үшінші лигасындағы «Уиком Уондерерс» (Wycombe Wanderers Football Club) клубын сатып алғаны хабарланған. Ол бұл әрекетінің себебін түсіндірді.

Миллиардердің айтуынша, клуб академиясының шеңберінде Қазақстанда филиалын ашқысы келеді екен. 

«Уиком» клубын қаншаға сатып алғаны туралы Ломтадзе ашып ештеңе айтқан жоқ. Бірақ, Kaspi Bank ресми хабарламасында Қазақстандағы филиалына салынатын инвестиция 10 миллиард теңге екенін жазған. 

Бұл дегеніміз – Қазақстанда «Ордабасы» сияқты екі клубты ұстауға жететін ақша. Өйткені былтыр ел чемпионы атанған Шымкент командасының бюджеті – 5,1 миллиард тегең болған.

«Қазақстан мен Англиядағы ең үздік және ең дарынды жас футболшылар мен болашақ жұлдыздар білім алатын әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру – менің жеке арманым болатын. Академияда дайындалу тегін болады. Ал жас спортшылар еліміздің және футболдың отаны – Англияның үздік жаттықтырушыларынан тәлім алуға қол жеткізеді. Футбол – әлемдегі ең масштабы кең таралған спорт түрі. Көптеген елдер үшін футболда жетістікке жету мақтаныш саналады. Жаңа технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инновациялық бизнес құрудағы тәжірибемді пайдалана отырып, футболымызды жаңа деңгейге көтеруге болатынына сенімдімін. Қазақстан футболы үшін әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шығара аламыз деп сенемін. Кез келген футбол академиясының түлектері үшін басты мақсат – футбол клубының негізгі командасында ойнау. Демек, футбол клубы жоқ академияның жетістікке жетуге мүмкіндігі жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, сіз академияда жаттығып, жетілесіз. Алайда клубтың негізгі командасында ойнауға мүмкіндігіңіз болмайды. Мен мұны өзгертуді жоспарлап отырмын, өйткені клуб біздің түлектерге арнайы мүмкіндіктер жасауға бағытталған және олар үшін үлкен көпір болмақ», - дейді Михаил Ломтадзе.

Ол иелік ететін Blue Ocean Partners II Limited компаниясына «Уиком Уондерерс» клубы акцияларының 90 пайызын сатып алды. 

Клуб Англияның үшінші лигасын осы маусымда 10-орында аяқталды. Айта кетейік, «Уиком» клубы Англия чемпионатының үшінші дивизионында өнер көрсетеді. Клубтың ең жоғары нәтижесі – Англия кубогінің жартылай финалы (2000/01 жж).

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам