Алонсо шәкірттері үшін биылғы маусымда небәрі үш матч қалды
Германия Бундеслигасының кезекті турында «Бохумға» қонаққа барған «Байер» алаң иелерін 5:0 есебімен ойсырата ұтып, жеңіліссіз ойындар сериясын елуге жеткізді.
Айта кету керек, матчтың 15-минутында «Бохум» қорғаушысы Феликс Пасслак «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылған. Осыдан бастап Хаби Алонсо шәкірттері қарсылас қақпасына лап қойып, жауапсыз бес гол соқты.
Бірінші таймда Патрик Шик пен Виктор Бонифасе (пенальтиден) көзге түссе, екінші таймда Амин Адли, Йосип Станишич және Алехандро Гримальдо қанжығасын майлады.
Осылайша «Байер» ел чемпионатында 87 ұпай жинап отыр. Бұған дейінгі матчта леверкузендік клуб чемпиондыққа қол жеткізіп қойған. Енді олар Еуропа лигасының финалына алаңсыз дайындалады. 23 мамырда Хаби Алонсо шәкірттері «Аталантамен» кездесіп, тарихындағы тағы бір маңызды титул үшін барын салады.