Еңбексіз таланттың құны – көк тиын, дәл сол секілді талантсыз еңбек ету де ұзаққа апармайды дейді ол
Футболдан Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду ұзақ жыл бойы өз деңгейін ұстап тұруының құпиясын ашты.
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының басты жұлдызы карьерасында «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Ювентус» клубтарында ойнаған. 39 жастағы атлет әлі де бабында.
«39 жасқа толсам да ең жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүргенімді мақтанам. Бұл өте керемет және ойынымды әрі қарай жалғастыруыма күш береді. Соңғы 20 жылдағы карьерама көз жүгіртсеңіз, деңгейімнің өте жоғары екенін түсінесіз. 20 жыл бойы шыңда тұра алсаң, бұл шынымен де ғажайып нәтиже. Ал мен әлі де сол бағыттан таймаймын. Мен үшін бұл жақсы көрсеткіш.
Мұндай деңгейді ұстап тұру оңай емес. Қысымға төтеп беру, өз-өзіңді шыңдау, гол соғу, бабыңды сақтау, өздерін менен мықты, жылдам екенін көрсеткісі келетін жас арыстандарға қарсы ойнау қиын. Сенің физикалық даярлығың ғана емес, психологиялық даярлығың да сыналады. Міне, жігерлендіретін дүние де осы», - дейді футболшы ESPN-ге берген сұхбатында.
Аяқдоп шебері кез келген жетістіктің артында қажымас қайрат пен тынымсыз еңбек тұратынын тілге тиек етті.
«Еңбексіз таланттың құны – көк тиын, дәл сол секілді талантсыз еңбек ету де ұзаққа апармайды. Бұл екеуі бірге, бір уақытта жұмыс істеуі керек. Менде екеуі де бар. Бірі бірінен артық деп айта алмаймын. Реттілікті сақтап отыру – ең қиыны осы.
Сіз осыған дайынсыз ба? Ең маңызды сұрақ осы. Себебі бәрі Криштиану болғысы келеді, бірақ бұл өте қиын. Тәртіпке бағыну – өте күрделі процесс. Кейде ішкі ойларыммен күресемін, бәріміз де адамбыз ғой. Күнде спортзалға бару маған да ұнамайды, ол ешкімге ұнамайды, бірақ бұл сенің міндетің», - дейді спортшы.
Роналду «Әл-Наср» сапында 2023 жылғы қаңтардан бері өнер көрсетеді. Биылғы Сауд Арабиясы чемпионатында 28 матчқа қатысып, 33 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді. Карьерасында бес рет «Алтын допты» иеленген.