Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Euro-2024: Италия чемпиондық атағын қорғай ала ма?

25.05.2024, 13:29

Еуро-2024 турнирінің финалдық кезеңіне қатысатын құрамаларды таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Кезекті шығарылымды 2020 жылғы Еуропа чемпионы – Италия құрамасына арнаймыз. Италиялықтар биылғы біріншілікке өз атағын қорғауға және реті келсе Испания сияқты қатарынан екі дүркін Еуропа чемпионы атану үшін келетіні белгілі.

Италия фуболы туралы сөз қозғалғанда бәріне қорғанысы мығым, көп гол соға бермейтін құрама елестейтіні белгілі. Қашан да шабуылға қарағанда қорғанысты бірінші орынға қоятын Италия осы бір басымдығының арқасында әлемдегі ең мықты, ең титулды құрамалардың үштігіне енеді. Әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлде жеңіп алу жағынан Италия құрамасы Бразилия мен Германиядан кейінгі үшінші сатыда тұр. «Скуадра Адзурра» футболшылары бүгінге дейін аталған екі чемпионатта 6 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.

21 ғасырды Бельгия және Нидерландтағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдесімен бастаған Италия 2012 жылы сол жетістігін қайталады. Ал 2006 жылы Джанлуиджи Буффон, Фабио Каннаваро, Алессандро Неста, Даниэле Де Росси, Андреа Пирло, Дженаро Гаттузо, Филиппо Индзаги, Алессандро дель Пьеро секілді әлем футболының жұлдыздары Италияға төртінші рет әлем чемпионы атағын алып берді.

Италияның осы бір алтын құрамынан футбол мамандары да, жанкүйерлер де көп үміт күтті. Жақын аралықтағы Еуропа және әлем чемпионатында кубокты енді италиялықтардан ешкім тартып ала алмаса керек деп топшылады. Әрине, мұндай құраммен әлем және Еуропа чемпионатына қатысу кез келген едің, бас бапкерлердің арманы еді. Бірақ Италияның жұлдызды құрамын Луис Арагонес жасақтаған Испания футболшылары қатарынан екі Еурода дымсыз қалдырды.

2006 жылғы алтын құрам бірінен соң бірі ұлттық құрамадан кете бастаған соң Италия футболында буын алмасу процесі жүре басталды. Соған сай құраманың нәтижесі де төмендеді. Қатарынан екі әлем чемпионатында топтан шыға алмаса, соңғы екі әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінен өте алған жоқ.

2018 жылғы сәтсіздіктен кейін ұлттық құрама тізгінін көпті көрген тәжірибелі маман Роберто Манчини ұстап, айналдырған екі-үш жылдың ішінде Италияға Еуропа чемпионы атағын алып берді. Осы кезде барлығы Италияның футболдағы жаңа дәуір туды деп топшылады. Бірақ Италия тағы да Қатардағы әлем чемпионатынан тыс қалды.

2021 жылғы Еуропа біріншілігінде ешкім Италияны чемпион атанды деп болжаған да жоқ, олардан тіпті мұндай нәтиже де күтпеді де. Қазір де ешкім «Скуадра азурраны» Еуро-2024-те топ жаруы мүмкін құрамалардың қатарына қосып жатқан жоқ. Өйткені Италия футболында тұрақтылық байқалмайды. Триумфатор Роберто Манчини былтыр құрамадан кетті. Қазіргі таңда ол Сауд Арабиясын жаттықтырып жүр. Ал оның орнын былтыр тамыз айында Лучано Спаллетти басты. «Наполиге» 33 жылдан кейінгі чемпиондықты алып бергеннен кейін Спаллетти Италия құрамасының тізгінін ұстады.

Лучано Италияны Германиядағы Еуропа чемпионатына қиындықпен болса да әйтеуір алып шықты. Соңғы турда Украинамен 0:0 есебімен тең ойнап, әупірімдеп жүріп өз тобында екінші орын алды. Наурыз айында Италия құрамасы Венесуэла және Эквадормен жолдастық матч өткізіп, алғашқысын 2:1, екіншісін 2:0 есебімен жеңді. Бірақ футбол мамандары Италияның қазіргі жағдайына күмәнмен қарап отыр. Өйткені, АҚШ-тағы екі матчта Апеннин түбегінің өкілдері өздерін толық көрсете алмады. Әрине, бұл жолдастық матч екенін ұмытпауға тиіспіз. Италия шынайы деңгейін Еуроның алғашқы турында белгілі болмақ.

Кейінгі бірнеше жылда Италия құрамасы қақпашыдан жолы болып тұр. 1997-2018 жылдар аралығында Италия құрамасының бойтұмарына айналған Джанлуиджи Буффон құрамадан кеткен соң орнын Джанлуиджи Доннарумма жоқтатқан жоқ. Еуро-2020 турнирінің ең үздік ойыншысы Доннарумма қазір ПСЖ клубының да, Италия құрамасының да негізгі қақпашысы.

Италия құрамасының қорғанысы қазір мақтанатындай жағдайда емес. Бұрынғы Бонуччи де, Келлини де жоқ. Дегенмен, Ұлттық құрама қорғанысына 25 жастағы «Интер» қорғаушысы Алессандро Бастони мен Франческо Ачерби ойнап жүр. Сонымен қатар орталық қорғаныста Федерико Гатти өнер көрсетеді. Оң қапталда Джованни Ди Лоренцо мен Маттео Дармиан, сол қапталда Федерико Димарко да бар.

Жартылай қорғаушылардан Николо Барелла, Жоржиньо, Мануэль Локателлиді Италияның қазіргі жұлдыздары деуге болады. Фабио Капелло мен Клаудио Маркизио дәл осы Барелланы Еуропаның ең үздік жартылай қорғаушысы деп есептейді.

Италия құрамасында қақпашымен қатар шабуылда да аса қатты проблема болған емес. Арысы Франческо Тотти, Филиппо Индзаги, Альберто Джилардино, Алессандро дель Пьеро, Антонио Кассано, берісі Антонио Ди Натале, Чиро Иммобиле, Стефан Эль-Шааравилермен жалғасады. Қазіргі таңда Джакомо Распадори мен Николо Дзаньоло Италияның шабуылына жауапты.

Қазірдің өзінде Еуро-2024 турнирінде Италия құрамасына жарақатына байланысты шабуылшы Доменико Берарди, заңсыз бәс тіккені үшін жартылай қорғаушы футболдан шеттетілген Сандро Тонали, нәсілшілдік жанжалға байланысты Франческо Ачербидің және денсаулығына байланысты Чиро Иммобиле көмектесе алмайтыны туралы айтылып жатыр

Еуропа біріншілігінің қазіргі чемпиондары топтық кезеңде Испания, Хорватия және Албания құрамаларымен бірге «Өлім тобы» деп аталатын В тобында ойнайды. Бірінші турда Албания құрамасымен кездеседі. Осы матч Италияның да, Альбанияның да тағдырын шешпек. Кейіннен Испания құрамасымен, соңғы турда Хорватиямен жасыл алаңда жолығады.

Италия футболшылары Еуроға дайындықты қарқынды жүргізіп жатыр. Бас бапкер Лучано Спаллетти өзінің бір сұхбатында футбошыларға PlayStation ойнауға тиым салғанын, басты назарда футболға аудару керек екенін айтқан еді.

Бұл Еуро – Спаллетти үшін үлкен сынақ болмақ. Ұлттық құрамада мүлде жұмыс істемеген және маңызды турнирлерде ешқашан ойнап көрмеген ол таптырмас тактикалық жүріс жасап, жанкүйерлер мен футбол мамандарын қалдыра ала ма?

Ал футболшылар ше? Доннарумма, Барелла және Чиеса секілді құрама көшбасшылары Еурода өздерін қалай көрсетеді? Оны чемпионат барысында көре жатармыз.

Айтпақшы, Италия құрамасының жетістігіне сеніп отырған жанкүйерлердің қатары өте аз. Тіпті букмекерлік кеңселер де Италия чемпион болады дегенге сенбейді. Еурода топ жаруы мүмкін болған бес құраманың қатарын Италия енбей қалған.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам