Роналду гол соға алған жоқ және нәтижелі пас та шығара алмады
Футболдан Еуропа чемпионатының бірінші тур ойындары аяқталды. Соңғы матч Португалия мен Чехия арасында өткен болатын. Матч даңқты Криштиану Роналду ойнайтын құраманың жеңісімен аяқталды, есеп – 2:1.
Ойынның бірінші таймы Португалияның толассыз шабуылдарымен есте қалды. Дегенмен, жанкүйерлер соғылған гол көрген жоқ. Ал, екінші таймда бірінші болып чех футболшылары есепті ашты. 62-минутта Лукаш Провод алыстан шірене теуіп, командасын алға шығарған. Алайда, небәрі 7 минуттан кейін Португалияның шабуылы кезінде Робин Гранач өз қақпасына гол соғып алды. Ал, 90+2 минутта Консейсау жеңіс голын соғып, матч тағдырын шешті.
Айта кетейік, F тобында бұл екі құрамамен бірге Түркия мен Грузия да бар. Соңғы екеуі бүгін өзара ойнап, 3:1 есебімен түріктер жеңіске жетті.