Жаңа шығарылым! Қонақта Жасын Канбаев!

Түркия футболшысы Роналдудың рекордын жаңартты

19.06.2024, 00:06

Матч алдында оған әйгілі Анчелоттидің өзі хат жазып, қолдауын білдірген

Түркия футболшысы Роналдудың рекордын жаңартты
Report.az

Футболдан Түркия құрамасының ең жас ойыншысы Арда Гүлер Еуропа чемпионатының рекордын жаңартты.

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының бесінші ойын күнінде F тобындағы Түркия құрамасы Грузиямен кездескен болатын. Түріктер бұл ойында 3:1 есебімен басым түсті.

Ал, Түркия құрамасының жартылай қорғаушысы Арда Гүлер аталған матчта керемет голымен көзге түсті: оның 26 метр қашықтықтан шірене тепкен добы қақпашыны айналып барып қақпа торында тулады. Осылайша ол Еуропа чемпионатындағы дебют матчында гол соққан ең жас ойыншы атанды (19 жас, 114 күн). Гүлер Криштиану Роналдуға (19 жас, 128 күн) тиесілі болған рекордты жаңартып отыр.

Бұл ерекше сәт туралы футболшының өзі былай деді:

«Керемет сезімді бастан кешірдім. Өмір бойғы арманым ғой. Маған махаббат сыйласа, соның өтеуін қайтару үшін барымды салып жатырмын».

Түрік жігіті ойын алдында өзі өнер көрсететін «Реал» клубының бас бапкерінен қолдау хатын алғанын да айтты.

«Бапкерім Анчелотти матч алдында маған хабарлама жазып, сәттілік тіледі. «Реалдың» қолдауы маған ерекше күш береді», - деді жас футболшы.

Гүлер Түркия – Грузия матчының үздігі деп те танылды. Себебі ол гол авторы атануымен қатар алаңда өткізген 79 минутта 41 пас беріп, оның 38-і командаласына дәл жеткен.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам