Ол ұзақ уақыт шетелде өмір сүрген
Алматылық «Хан Тәңірі» клубының ойыншысы, қазақстандық футболшы Дінмұхаммед Қашкен қазақ тілінде сөйлеуге неліктен қымсынатынын түсіндірді.
Димаш Айсәуле Бақытбекке берген сұхбатында қазақ тіліне қарағанда ағылшын тілін жақсырақ білетінін айтты.
«Мен қазақша білемін, бірақ жақсы деңгейде емес. Маған ойымды орысша жеткізген жеңіл. Себебі кішкентайымнан қазақша мектепте оқыған жоқпын. Бала кезімнен Еуропада доп теуіп, сол жақта білім алдым. Бір-екі жыл Испанияда, бірнеше жыл Грузия мен Литвада тұрдым. Сол елдерде оқып, жиі мектеп ауыстырдым. Қазақстанға да сирек келетінмін. Бұл жолы бесінші рет келіп отырмын. Толыққанды бір жыл тұрып жатырмын. Былайша айтқанда, бұған дейінгі өмірім шетелде өтті. Қазақ тілінде сөйлеу тәжірибем жоқ. Қазақшаға қарағанда ағылшын тілін жақсырақ білемін», – деді футболшы.
Айта кетейік, 24 жастағы Дінмұхамед Қашкен былтырғы маусымда «Шахтер» сапында ойнап, кейіннен «Хан Тәңірі» сапына ауысты.