Жаңа шығарылым! Қонақта Жасын Канбаев!

Футбол тарихындағы ең жанжалды оқиғалар

06.07.2024, 19:13

Спортты бейбітшілік елшісі, өзара түсіністік пен командалық рухты қалыптастырып, қарсыласты құрметтеуге, қоғамдық татулық пен бейбіт өмір сүруге шақырады деп жатамыз. Бірақ спорттың айналасында түрлі адамдар жүргендіктен, оны эмоциясыз елестету мүмкін емес. Ал эмоция болған жерде, міндетті түрде түсініспеушілік, жанжал болып тұратыны жасырын емес. «Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымын футбол тарихындағы ең ірі скандалдарға толы оқиғаларға арнаймыз.

Англия және ГФР

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, футбол әлеміндегі ең алғашқы ірі жанжалдардың бірі 1966 жылы Англияда өткен әлем чемпионатында болды. Егде жастағы футбол жанкүйерлері бұл оқиғаны жақсы біледі деп ойлаймыз. Тұманды Альбиондағы әлем біріншілігі финалға дейін ым-жымсыз, өте жоғары деңгейде өтіп келе жатқан еді. Алайда финалдағы Англия мен ГФР құрамаларының кездесуінде қаптал төрешісі болып жұмыс істеген Кеңес өкіметінің төрешісі Тофик Бахрамовтың бір ғана шешімі үлкен жанжалға ұласып кете жаздады. Бахрамовтың бұл шешімі футболдан тыс жерлерде де ұзақ уақыт талқыланды. Ол қандай шешім еді?

Финалдық матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын қосымша таймға ұласты. Кездесудің 101-минутында ойын тағдырына әсер еткен оқиға орын алды. Джефф Херсттің айып алаңы ішінен тепкен добы алдымен қақпа бағанына тиіп, кейін қақпа сызығына түсті. Ойынның бас төрешісі швейцариялық Готтфрид Динст доп сызықты кесіп өткеніне сенімсіздік танытып, қаптал төрешісі Бахрамовтың көмегіне жүгініп, соңында голды есептеді. Бұл голдан кейін германиялықтардың салы суға кетіп, тағы бір гол өткізіп алды. Сөйтіп ағылшындар 4:2 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Ал жаңағы ойын сәті ұзақ уақыт талқыланды.

Аргентина – Англия

Аргентиналық әйгілі футболшы Диего Марадона жасыл алаңда да, футболдан тыс жерлерде үнемі елдің назарында, жанжал ортасында жүретін. 1986 жылы Мексикада өткен футбол тойының ширек финалында Аргентина мен Англия құрамалары арасындағы матч Марадонаның екі голымен есте қалды.

Ойынның 51-минутында Марадона әуедегі допқа бойы жетпеген соң допты қақпаға қолымен енгізіп жіберді! Голдың қолмен соғылғанын бәрі көрсе де, негізі көруге тиіс адам – тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге «жыр» болып жүр. Ал арада 4 минут өткенде Марадона бес бірдей ағылшын футболшысын алдап өтіп, бүгінге дейін аңыз боп жеткен ең даңқты, «ғасыр голын» соқты. Бұл – мундиал тарихындағы ең әдемі гол еді. Марадона матчтан кейін Аргентинаның бұл жеңісі туралы «1982 жылы Фолкленд аралдарын басып алғаны үшін Англияға кек қайтардық» деп мәлімдеген болатын.

Сальвадор мен Гондурас

1969 жылғы футбол жанкүйерлері арасындағы жанжал Сальвадор мен Гондурас арасында соғысқа әкеп соқтырды. Қарулы қақтығыстарда екі жақтан да көптеген адам қаза тапты. Біршама елдімекен жойылып, адамдар босқынға айналды.

Оқиға былай болған еді. 1970 жылы Мексикада өтетін әлем чемпионатына іріктеуде Сальвадор мен Гондурас ойнайтыны белгілі болды. Жеребе бойынша алғашқы ойын Гондураста өтіп, алаң қожайындары 1:0 есебімен жеңіске жетеді. Екі ел арасындағы бұрыннан келе жатқан келіспеушіліктер салдарынан сальвадорлық жанкүйерлер жеңіліске шыдай алмай, матч аяқталған соң төбелес шығарды. Сальвадор астанасындағы қарымта матч алдында сальвадорлықтар Гондурас жанкүйерлеріне шабуыл жасайды. Гондурас жанкүйерлері Сальвадор туын өртейді. Бұған жауап ретінде Гондураста серуендеп жүрген сальвадорлықтар соққыға жығылады, Сальвадор консулдығына шабуыл жасалады. Ал матч 3:0 есебімен Сальвадордың жеңісімен аяқталады.

Осылайша командалар арасындағы есеп 1:1 болған соң тараптар үшінші, шешуші кездесуді Мексика астанасы Мехикода өткізеді. Бұл кездесуде Сальвадор 3:2 есебімен жеңіске жетіп, іріктеу кезеңінің финалына жолдама алады. Арада бірнеше күн өткенде екі ел шекарасында қарулы қақтығыстар басталады. Сальвадор әскері шабуылға шығып, Гондурас аумағына басып кіреді. Құрлық әскерлері бір жақта соғысып жатса, екі елдің әуе күштері бір-бірімен әуеде атысады. Сөйтіп футболдың соңы бір апталық соғысқа ұласып, кейіннен бейбіт жолмен аяқталды.

Франция және Кувейт

Өткен ғасырдағы ірі жанжалдардың бірі 1982 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде орын алды. Франция мен Кувейт арасындағы матчтың 65-минутында Ален Джирес француздардың төртінші голын соғып, есепті 4:1-ге жеткізгенде Кувейт құрамасының өкілдері өре-түрегеліп, гол ойыннан тыс жағдайда соғылғанын айтып, төрешіге бас салды.

Тіпті, іске Кувейт футбол федерациясының президенті Фахад әл-Ахмед Әл-Сабах араласып, ойынның бас төрешісі КСРО өкілі Мирослав Ступарға голды есепке алмауын талап етеді. Егер голды есептейтін болса, алаңнан Кувейт құрамасын алып кететінін айтып, төрешіге доқ көрсетеді. Ступар кез келген шешімі үлкен дау тудыратынын түсінсе де, Кувейттің пайдасына шешім қабылдап, голды есептемей тастады. Мирославтың бар ойы – матчты аяқтау еді. Ал матчтың ертесіне төреші жұмысынан шеттетілді.

Матерацци мен Зидан

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының Италия мен Франция арасындағы матчы жанкүйерлер есінде ұзақ жатталатын финалдың бірі болды десек қателеспейміз. Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін төреші 15 минуттан тағы екі тайм қосты. Франция құрамасы сапынан Зинедин Зидан мергендігімен көзге түссе, италиялықтардан Марко Матерацци гол соқты. Дәл осы футболшы финалдың басты қаһарманына айналды. Әрине, соққан голдарының емес, кездесудің 109-минутта болған оқиғаның арқасында.

Матчтың аяқталуына санаулы минут қалғанда камералар жасыл алаңда жатып, жүзінен азап шегіп тұрғаны анық байқалатын Матерацциді көрсетті. Ал сәлден кейін футбол тарихында болған атышулы эпизодты көрсетті. Алаң ортасына қарай кетіп бара жатқан Зидан кенет бұрылды да, қарсы алдында келе жатқан Матерацциді баспен кеудесінен бір соғып, Марконы мұрттай ұшырды. Миллиондаған футбол жанкүйері Зидан не үшін мұндай әрекетке барғанын түсіне алмай, дал болды. Сөйтсе екі футболшы ойын барысында аяқ-астынан сөзге келіп қалып, Зидан шыдап тұра алмай, Марконы былайша айтқанда, баспен бір қойған. Зидан қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан қуылса, матч соңындағы пенальтиде Италия басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Ал бұл Зиданның ұлттық құрамадағы соңғы матчы болатын. Осылайша Зидан карьерасына қызыл қағазбен нүкте қойды.

Луис Суарес

2014 жылғы әлем чемпионаты Уругвай құрамасының шабуылшысы Луис Суарестің ерсі қылықтарымен есте қалды. Италия командасына қарсы матчта ол қорғаушы Джорджио Кьеллинидің иығын тістеп алып, үлкен дау тудырды. Бірақ Суарестің бұл әрекетін төреші байқаған жоқ. Дегенмен, матчтан кейін «тістегіш» Луис тоғыз матчқа және төрт айға футболдан шеттетілді. Бұдан бөлек, 100 мың Швейцария франкі көлемінде айыппұл төледі.

Йозеф Блаттер мен Мишель Платини

Қазақтың «Балық басынан шіриді» деген сөзі ФИФА мен УЕФА басшылығына дәл айтылғандай. Өйткені 2011 жылы Йозеф Блаттер мен Мишель Платиниге 2 миллион Швейцария франкін жымқырды деген айып тағылып, футбол әлемін дүр сілкіндірді.

Блаттер ФИФА-ны 1998 жылдан 2015 жылға дейін басқарды. ФИФА-дағы жемқорлық дауынан кейін, УЕФА Президенті Мишель Платини халықаралық футбол федерациясының президенті болуға басты үміткер еді. Бірақ атақты футболшы 2011 жылы ФИФА Президентінен 2 млн франк пара алған деген ақпарат тарады. 1999-2002 жылдары аралығында Платини Блаттердің кеңесшісі қызметін атқарған. Осы жылдардағы қызметі үшін Платиниге ресми түрде 1 млн франк төленген. Ал дау-дамайға алып келген 2 млн франк келісімшартта көрсетілмеген.

2021 жылдың наурызында Блаттер футболмен байланысты кез келген жұмыстан 6 жыл 8 айға қайта шеттетілді. УЕФА-ны 2007 жылдан 2015 жылға дейін басқарған Платини 2015 жылдың күзінде футболдан 6 жылға шеттетіліп, кейінірек төрт жылға дейін қысқартылған еді. Жалпы жемқорлық жасады деп 14 адам айыпталды. Платини де, Блаттер де бірнеше мәрте тергеуде болғанымен, оларға ресми айып тағылған жоқ. БАҚ хабарлауынша, жемқорлық туралы істің Ресей мен Қатарда әлем чемпионатын өткізуге қатысы болған.

Анри

2009 жылы Франция мен Ирландия құрамалары арасында болған мына оқиға Еуропа қоғамының ашу-ызасын келтірген еді. 2010 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама ала алмаған Франция мен Ирландия құрамалары қосымша матч өткізуге тура келді. Дублиндегі алғашқы кездесуде француздар 1:0 есебімен жеңіске жетсе, қарымта матчта ирландиялықтар дәл сондай есеппен басым болды. Сөйтіп екі ойын да тең аяқталған соң,  командалар овертайм ойнауға мәжбүр болды. Қосымша таймның 13-ші минутында Тьерри Анри голдық пас беріп, құрамасының жеңісіне сүбелі үлес қосқан еді. Алайда ол пас бергенге дейін допқа қолы тиіп кеткен болатын. Мұны дәл Марадоннаның жағдайындағыдай, барлық адам көргенімен, тек ойынның бас төрешісі көрмей қалады. Сөйтіп Франция әлем чемпионатына жолдама алды.

Дегенмен, Ирландия құрамасы жанкүйерлерінің көз жасы жібермеген болуы керек, Африка құрлығындағы мундиалда Франция құрамасы масқара болды. Ішкі түсініспеушіліктен «бір жағадан бас шығара алмаған» «үш жолақты» елдің футболшылары Уругвай, Мексика және Оңтүстік Африка құрамасын алға жіберіп, топта соңғы орында қалып қойды.

Германия – Австрия

Футболда келісілген матчтар жиі болып тұрады. Сондай матчтардың жарқын үлгісін 1982 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Германия мен Аустрия құрамалары көрсетті. Екі командаға да «Бундестимнің» бір гол айырмашылығымен жеңгені тиімді еді. Өйткені мұндай жағдайда Алжир құрамасы үшінші орынға ие болып, плей-офф сатысынан тыс қалатын еді.

Матчтың 10-минутында Хорст Хрубеш Германияны 1:0 есебімен алға шығарды. Осыдан кейін екі құрама ойынның берекесін кетіріп, жанкүйерлерге алаңда футболшылар емес, сайқымазақтар жүргендей әсер қалдырды.

Екі құрама да допты бір-біріне асырып, гол соғуға құлық та танытқан жоқ, ұмтылған да жоқ. Себебі 1:0 есебі Германияны да, Аустрияны қанағаттандырып тұрған еді. Екінші ойындағы Алжир мен Чили арасындағы матч ерте ойналғандықтан, кездесудің есебі еуропалық команданың футболшыларына әу бастан белгілі еді. Бұл матчтың арты үлкен дауға ұласып, содан кейін ФИФА топтық кезеңнің үшінші турдағы барлық матчын бір уақытта бастау туралы шешім қабылдады.

Челси – Барселона

Осыдан дәл 15 жыл бұрын, яғни 2009 жылы УЕФА Чемпиондар лигасының тарихындағы ең даулы матчтың бірі өтті. Турнирдің 2008/09 маусымының жартылай финалдағы қарымта матчында «Челси» өз алаңында «Барселонаны» қабылдады. «Камп Ноудағы» алғашқы матч  0:0 есебімен аяқталған-ды.

Лондондағы матчтың бірінші таймында бас төреші норвегиялық Том Эвребе «Барселона» қақпасына екі пенальти, екінші таймда тағы бір 11 метрлік айып добын белгілеген жоқ. Эвребеге наразылығын білдіріп, оны алаң ортасына дейін қуып келген Михаэль Баллакқа сары қағаз көрсетті. Ал Дидье Дрогба матчты түсіріп тұрған камера арқылы тікелей эфирде төрешіні балағаттады.

Бір қызығы, дәл осы матчтан кейін Эвребе төрешілік мансабын аяқтады. 2012 жылы норвегиялық төреші «Челси» жанкүйерлері әлі күнге дейін оған қоқан-лоқы жасап, өміріне қауіп төнетіндей доқ көрсететінін мойындады. Ал финалда «Барселона» «Манчестер Юнайтедті» 2:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.  

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам