Алғашқы матчта ақтөбелік клуб босниялық қарсыластарынан өз алаңында жеңіліп қалған
Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жатқан «Ақтөбе» футбол клубы «Сараевомен» болатын матчқа қорғаушы Уче Агбосыз баратын болды. Нигериялық легионерге виза берілмеген деп жазады «Серый Cardinal» телеграм-каналы.
Матч 18 шілдеде Босния астанасында өтеді. Ақтөбелік ойыншылар Сараевоға аттанып та кеткен. Тек Уче Агбо белгісіз себептермен виза ала алмай, Қазақстанда қалып қойды.
Дереккөздің мәліметінше, бұған екі себеп бар болуы мүмкін. Біріншісі – «Сараево командасы қарсыласын әлсірету үшін әдейі кедергі келтірген. Екіншісі – «Ақтөбе» менеджерлері құжат рәсімдеуде уақыт жоғалтып, кешіктіріп алған.
Дәл осыған ұқсас жайт бұған дейін де болған. Атап айтқанда, 2013 жылы норвегиялық «Хедд» командасымен болатын ойын алдында еуропалық клуб ақтөбелік екі ойыншыға виза бермей қойған. Салдарынан, «Ақтөбе» жеңіліспен оралды. Есесіне, Қазақстан да «Хедд» ойыншыларына виза бермей, жерлестеріміз өз алаңында жеңіске жеткен еді.
Еске салайық, алғашқы матчта «Ақтөбе» «Сараеводан» өз алаңында 0:1 есебімен жеңіліп қалды.