Босниялық жанкүйерлер өз командасы үшін ерекше қуануда
«Ақтөбе» футбол клубының Конференция лигасының іріктеу кезеңінде бірінші айналымнан аса алмағаны белгілі. Қазақстандық клуб «Сараевомен» өткен ойында пенальти сериясында жеңіліп, жарыстан шығып қалды.
Осы ретте, босниялық команда жанкүйерлері аталған матчқа баға беріп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін ортаға салды. Олар бұл жергілікті клубтың соңғы 5 жылда көрсеткен үздік ойыны дейді.
«Сараеводан мұндай ойынды бұрыннан бері көрмедім. Сойқан ойын».
«Біздің қалай жеңіске жеткенімізді түсіндіріп беретін біреу бар ма»?
«5 жылда көрсеткен мықты матч».
Сондай-ақ, пікірталастың басым көпшілігі ақтөбеліктердің ашық ойын көрсетпей, қорғаныста ойнағанына қатысты айтылды. Тіпті, овертаймда «Сараево» ойыншысы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылса да, ақтөбелік команда бұл басымдықты пайдалана алған жоқ.
«Алаңда ойыншыларымыз аз болғанымен, біз олардан мықты болдық».
«Ойынды 90 минуттың ішінде шешпегеніміз өкінішті. Бізге қарсы екі кездейсоқ гол соғылды, әрі овертаймда ойнадық. Жолымыз болмады».
«Енді не дер екенсіңдер, шопандар? Сараево ойынның қандай болу керек екенін көрсетіп, бәріңді орындарыңа қойды. Еуропадағы ойындарды тағы бір жыл қоя тұрыңдар», - деп жазуда босниялық жанкүйерлер.