Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Ақшаны емес адамгершілікті жоғары қойған футболшылар

22.07.2024, 12:38

Спортта «Fair play» деген термин бар. Ағылшын тілінен аударғанда «әділ ойын» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл – спортшылар үшін айтылмаған, ережеде жазылмаған әрекеттер. Мақсаты – ойын әділ және тең жағдайда өтуін, қарсыластардың бір-біріне құрметпен қарауын қамтамасыз етеді. Алайда, көбіміз бұл ережені алаңда футболшы жарақат алып қалғанда допты аутқа теуіп жіберу, допты ойынға қайта қосқанда қарсыласқа қайтарып беру деп түсініп жатамыз. Ал шын мәнінде бұл терминнің ауқымы кең.

«Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымында футболда «Fair play» ережесін ұстанып, жасыл алаңда азаматтық танытқан футболшылар туралы айтамыз.

Паоло Ди Канио

Өткен ғасырдың соңында үздік ойынмен көзге түскен италиялық шабуылшы Паоло Ди Канионі жанкүйерлер ұрыншақ, жанжал шығарғыш футболшы деп таниды. Алайда оның жасыл алаңда екінің бірі жасай бермейтін жақсы әрекетін еске алатындар аз. 2000 жылы «Вест Хэм» мен «Эвертон» арасындағы мачта «Эвертон» қақпашысы Пол Джеррард допты қайтаруға шыққан сәтінде жарақат алып, қақпасы бос қалып қойды. «Вест Хэм» футболшылары қақпашыға қарамай, шабуылын жалғастырғанымен Паоло гол соғатын сәтте допты қолымен қақшып алып, алаңда жатқан Джеррардты қолымен нұсқап, ойынды тоқтаты. Сөйтіп бос қалған қақпаға гол соққан жоқ. Ең қызығы, бұл ойынның 90-минуты болатын және таблодағы есеп 1:1 нәтижесін көрсетіп тұрған-ды. Соған қарамастан Ди Канио адамдық, адалдықтан аттамай, маңызды екі ұпайдан адам өмірі құнды екенін бүкіл стадиондағы жанкүйерге ұқтырғандай болды. ФИФА Паолоның бұл әрекетін ескерусіз қалдырмай оны Fair Play сыйлығымен марапаттады.

Мирослав Клозе

Әйгілі германиялық шабуылшы Мирослав Клозе де футболдағы ақ жүрек, ақадал футболшының бірі. Тіпті ол 2005 жылғы Бундеслига матчтарының бірінде төрешіден пенальтидің күшін жоюуын сұраған. Бірақ Клозе футболдағы нағыз ер жігіттің әрекетін 2012 жылдың қыркүйегінде «Лацио» сапында жүргенде жасады. «Лацио» мен «Наполи» командалары ойнап жатқанда кезекті рет бұрыштамадан асырылған доп бірінші Мирославтың қолына тиіп, қақпа торынан табылады. «Лацио» ойыншылары голды тойлауға бір-біріне қуана жүгіріп бара жатқанда, Клозе ақырын ғана төрешіге барып, соғылған голды есептемеуін айтып, өтініш жасады. Бұл матчта римдіктер 0:3 есебімен жеңілсе де, Мирослав өзінің әрекетіне еш өкінген жоқ және командаластары да, жанкүйерлер да оған ренжіген емес.

 «Бранн»

2012 жылы Норвегия чемпионатында мынадай қызық оқиға болды. «Бранн» клубының капитаны Эрик Мьелде «Fair play» ережесіне бағынып, допты «Лиллестрем» қақпашысына қайтарып бермек болғанда абайсызда қарсыластар қақпасына гол соғып алды. Төреші голды есептегенімен, Мьелде командаластарына «Лиллестрем» футболшылары қарымта гол соғуына кедергі жасамауын сұрап, өтініш айтады. Капитанның өтінішіне тек қақпашы Петр Лециевский қарсы болып, қарсыластардың гол соғуына кедергі келтіруге тырысып бақты. Бірақ бәрібір Сигурдарсон қақпашыдан айласын асырды. Жыл соңында Эрик Мьелде әділ ойын көрсеткені үшін «Fair play» сыйлығымен марапатталды. Бұл оқиғаның ең қызық жері де маусым соңында болды. Жыл соңында Эрик Мьелденің «Браннмен» келісімшарты аяқталып, клуб капитанмен арадағы келісімшартты созудан бас тартады. Ал Эрик келесі маусымды қай командада өткізгенін білесіз бе? Әрине, «Лиллестрем» клубы сапында ойнады. Команда басшылығы Эрикті өздеріне шақырып, оған құрмет ретінде команда капитаны етіп сайлады.

Карлес Пуйоль

Испания құрамасы мен «Барселона» клубының аңызы Карлес Пуйольді барлық жанкүйер ең әділ және шындықсүйгіш футболшы ретінде өте жақсы біледі деп ойлаймыз. Оның жасыл алаңда жігіттік мінез танытқанын көп көргенбіз. Соның бірі ретінде 2005 жылы «Мальоркаға» қарсы өткен матчтағы ерлігін айтуға болады. Төреші қарсылас команданың қорғаушысы Серхио Баллестероске қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуғанда Пуйоль әріптесін жұбатып, жылы сөз айтып шығарып салуға тырысқанда Серхио Карлесті шапалақпен тартып жіберді. Бар болғыр Карлестің өзге футболшылар сияқты бетін ұстап, жасыл алаңда жата қалуына болар еді. Бірақ ол ондай арсыздыққа барған жоқ. Есесіне қарсыласына күлімсіреп қарап, жәй ғана алаңнан шығарып салды. Карлес үшін әріптесі Роналдиньо араша түсіп, «Мальорка» ойыншысына қарымта шапалағын беруге тырысқанда Карлос бразилиялық футболшыны тоқтатып, оған іске араласпауын өтінді.

Арсен Венгер

Әділ ойынды тек футболшылар ғана емес, бапкерлер де ұстанып жатады. 1999 жылғы Англиядағы лига кубогі турнирінде «Арсенал» мен «Шеффилд Юнайтед» командалары кездесіп, зеңбірекшілер 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірақ сол матчта «Арсенал» ойыншылары бір голды әділ соқан жоқ. Оқиға былай болған. «Шеффилд» футболшысы командаласының жарақатына байланысты допты аутқа теуіп жібереді. Fair play ережесіне сай, «Арсенал» ойыншылары допты қарсыласына қайтарып беруі керек еді. Алайда Венгер шәкірттері допты қарсыласқа берудің орнына гол соғып, жеңіс тойын тойлады. «Шеффилд» клубы да, жанкүйерлер бұл есепке қарсылығын білдіріп жатты. Матчтан кейін Арсен Венгер бұл ойында командасы әділ жеңбегенін айтып, қарсыластарына матчты қайта ойнауды ұсынады. Бұл ұсынысты «Шеффилд» жаттықтырушысы қабыл алып, ойын қайтадан өтеді. Алайда бұл жолы «Арсенал» 2:1 есебімен таза жеңіске жетті.

«Донкастер»

2015 жылдың тамызында ағылшын футболындағы «Бери» мен «Донкастер» арасындағы матчта «Донкастер» футболшысы Харри Форрестер fair play ережесі бойынша допты қарсыластарына қайтарып беремін деп, абайсызда гол соғып алды. Бұл кезде матчтың 93-минуты өтіп жатқан еді. Алайда, «Бери» клубының бас бапкері Пол Диков шәкірттеріне қарымта гол өткізулерін талап етіп, оны футболшылар сәтті орындады. Сөйтіп бір футболшы емес, бүкіл команда фэйр-плейдің жарқын үлгісін көрсетті.

Джаба Канкава

2014 жылы «Днепр» мен Киевтің «Динамосы» арасындағы маңызды ойынның бел ортасына жеткенде күтпеген жағдай болды. Қонақтар шабуылшысы Олег Гусев қарсылас команданың қақпашысы Денис Бойкамен допқа таласта қатты қақтығысты. Басынан ауыр соққы алған Гусев әлгі жерде есінен танып қалды. Сол уақытта футболшыға алаң иелерінің ойыншысы дер уақытында алғашқы көмек көрсетіп, өлімнен арашалап қалды. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы көмек дер кезінде көрсетілмегенде Гусевтің өміріне қауіп төніп тұрған екен. Украин футболшысының өмірін құтқарып қалған грузиялық Джаба Канкава еді. Сол оқиғадан кейін Украинаның кез келген қаласында Канкаваға деген құрмет, жанкүйерлердің ыстық ықыласы арта түсті. Ажалға араша болған Канкава адамгершілік тұрғысынан да өзінің мықтылығын көрсетті.

Феликс Бастианс

2017 жылы Германия екінші Бундеслигасында ойнайтын «Дармштадт» пен «Бохум» арасындағы матчта «Бохум» қорғаушысы Феликс Бастианс матчтың қаһарманына айналды. Тәжірибелі қорғаушы алаңның ортасынан допты иеленіп, қарсыластың үш бірдей футболшысын қапы қалдырып, айып алаңына жеткенде құлап қалды. Төреші еш ойланбастан пенальти белгілегенімен, Бастианс ереже бұзылмағанын, өзі құлап қалғанын мойындады. Бұл уақытта Феликстің командасы 0:1 есебімен жеңіліп жатқан еді. Феликс Бастианстің әділ ойыны, азаматтық ұстанымынан кейін «Бохум» командасы жеңіске жетті. Ал «Дармштадт» маусымның алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Марсело Биелса

2019 жылғы Чемпионшиптің 45-турында «Лидс» өз алаңында «Астон Вилламен» 1:1 есебімен тең ойнап, АПЛ-ға тікелей жолдамамен шығу мүмкіндігінен айырылды. Негізгі бұл ойында «Лидс» жеңіп тұрған еді. Ойынның 72-минутында «Лидс» футболшысы Матеуш Клих гол соғып, командасын есепте алға шығарған. Бірақ «Лидстің» шабуылы кезінде «Астон Вилла» ойыншыларының бірі жарақат алып, алаңда жатқанда қонақтар қарсыласуды қойып, допты аутқа теуіп жіберуін сұрады. Алайда «Лидс» футболшылары fair play ережесіне бағынбай, гол соғып кетті. Голдан кейін екі команданың футболшылары арасындағы жанжал басталып, нәтижесінде «Астон Вилла» шабуылшысы Анвар Эль-Гази қызыл қағазбен жазаланды. Осы эпизодтан кейін «Лидс» бас бапкері Марсело Биелса өз ойыншыларына голдың әділ соғылмағанын айтып, қарсылас командаға гол соғуға мүмкіндік беруін тапсырды. Сөйтіп «Астон Вилла» гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Қонақтар тең нәтиженің арқасында АПЛ-ға тікелей жолдама алса, «Лидс» үшінші орынмен іріктеу кезеңіне түсіп қалды. Бірақ келесі жылғы маусымда «Лидс» чемпионшипте бірінші орынмен АПЛ-ға шықты.

Дания – Иран

2003 жылы Гонконгте өткен дәстүрлі турнирдің жартылай финалында Иран мен Дания құрамалары кездесіп, азиялық ұжым еуропалықтардан басым түсті. Ойындағы жалғыз голды 47-минутта пенальтиден Джавад Некунам соқты. Дегенмен, ойындағы бірінші голды еуропалықтар соғып, матч тең есеппен аяқталуы мүмкін еді. Алайда даниялықтар 11 метрлік айып добын гол соққан жоқ. Өйткені ирандық футболшы ысқырықтың үні естілгеннен кейін бірінші тайм аяқталды деп ойлап, допты қолына алған. Бірақ ысқырған төреші емес, алаңдағы жанкүйердің бірі екен. Сөйтіп төреші еш ойланбастан бірден Иран қақпасына пенальти белгіледі. Ал Дания футболшылшысы fair play-дің жарқын үлгісін көрсетіп, допты қақпадан қиыс теуіп жіберді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам