Қарымта матч 1 тамызда Қостанайда өтеді.
Конференция лигасының іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» Швейцарияда жергілікті «Санкт-Галленнен» ойсырай жеңілді, есеп – 4:1.
Матч алдында алаң иелері фаворит саналған. Дегенмен, есепті «Тобыл» ашты. 28-минутта қонақтардың шабуылы кезінде «Санкт-Галлен» қорғаушысы Вальчи өз қақпасына гол соғып алған. Бірақ, мұнан кейін швейцариялықтар екі голмен жауап беріп (Стеванович 35-минутта, Аколо 39-минутта), бірінші тайм 2:1 есебімен аяқталды.
Екінші таймда да алаң иелері шабуылын үдете түсті. 77-минутта Бастиан Тома «Тобыл» қақпасына үшінші голды соқса, 90+7 минутта автогол соққан Вальчи есепті 4:1-ге жеткізді.
Қарымта матч 1 тамызда Қостанайда өтеді.
Еске салайық, «Тобыл» Еурокубок жарысын Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен бастаған. Ол кезде қостанайлықтар Словакияның «Ружомберок» клубынан жеңілді.