“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

Баспен соғылған ерекше голдар

06.08.2024, 03:01

Баспен гол соғу да өнер. Тек бойы ұзындар ғана баспен жақсы ойнайды десеңіз қателесесіз. Кейде қарға бойы жігіттер де әбжіл қимылдап, баспен талай шешуші голды салған. Жалпы әуедегі допты баспен кіргізудің королі – Криштиану Роналду. Ол осыған дейін баспен 100-ден астам гол соққан.

Бірінші голдың бүгінгі шығарылымы – баспен соғылған ерекше голдар жөнінде болмақ.

Робин Ван Перси, Нидерланды – Испания матчы

«Қызыл фурия» яғни Испания құрамасы алты жыл әлемде үстемдік құрды. Жолына кездескен команданың ешқайсысын қарсылас көрмеді. Екі рет Еуропа чемпионаты мен бір әлемдік мундиальды жеңді. Бейтарап жанкүйерлер де Испанияның жеңісінен жалыға бастаған еді. Сөйтіп 2014 жылғы әлем біріншілігінде Нидерланды құрамасы топтық кезеңде Испанияны 5:1 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Матчтың үздік голы  - Робин Ван Персидің баспен салғаны еді. Ешқандай, пафоссыз мақтауға лайық.

Бірінші таймның соңғы минуттарында сол қапталдағы қорғаушы Блиндтің диагональ көтерген добы Робинге дәл жетеді. Ол жүгіріп келіп, қақпашы Касильястың үстінен асырып тастай салады. Голландия капитанына ешкім кедергі бола алған жоқ. Кейін бұл голдың 2014 жылдың үздік голы атанды.

Криштиану Роналду, «Реал Мадрид» пен «Манчестер Юнайтед» матчы

Португалиялық футболшының заманауи тарихта баспен ең көп гол соққан ойыншы екенін басында айттық. Қазір оның баспен салған доптарының саны 120-ға жақындаған. Кейбір шабуылшылар баспен тұрмақ, жалпы карьерасында мұнша гол салмай кетеді.

Роналду «Реалға» ауысқаннан кейін арада 4 жыл өткенде жұлдызын жаққан «Манчестер Юнайтедпен» кездеседі. Бұл 2013 жылдың 13 ақпаны болатын. УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалының алғашқы матчында ол ерекше гол кіргізді. Сол тұста нағыз бабында тұрған сұрмерген 2 метр 63 сантиметрге секіріп, қақпаны дәл көздейді. Оған мүмкіндік бермеуі тиіс қорғаушы Патрис Эвра мұндай эстетикалық голды көзімен шығарғаннан басқа ештеңе істей алмады.

Лионель Месси, «Барселона» мен «Манчестер Юнайтед» матчы

«Алтын допты» топырлатып алған Лионель Месси баспен гол соға беретін футболшы емес. Оған әрине ұзын бойлы қорғаушылар да мүмкіндік аса бермей қойды. Мессидің Роналдудан кемшін тұсы да осы жағы болса керек. Карьерасында баспен соққан голдарының саны бір қолдың саусағына жете қоймайды.

Дегенмен Мессидің УЕФА Чемпиондар лигасының финалында салған голы тарихтың беттеріне алтын әріппен жазылды. Футболшы 169 метрлік бойымен «Манчестер Юнайтедтің» Рио Фердинанд және Неманья Видич секілді сол кездегі үздік қорғаушыларын қапы қалдырып кеткен еді. Бұл 2009 жыл. Айтпақшы, Роналдуың МЮ-дегі соңғы ойыны болды.

Месси басымен гол кіргізгенде допты әуелетіп берген Хави. Сол сәтте капитан Карлес Пуйольдың өзі бұған сенбейді. Оны сол голдың видеосын қарасаңыз түсінесіз.

Мартин Палермо, «Бока Хуниорс» пен «Велес» матчы

Мартин Палермо есімді аргентиналық футболшыны естіген боларсыздар? Әрине, Еуропада көп ойнаған жоқ. Екі-үш жыл Испания чемпионатында доп тепті. Карьерасының басым бөлігін өз отанында өткізді. Соның ішінде «Бока Хуниорстың» легендасы саналады. Ол «Гиннесстің» рекордтар кітабына екі рет енді. Бірінші мәрте – 1999 жылы Колумбия қақпасына үш пенальти сала алмауы арқылы, екіншісі 2009 жылы болды. Мұнда ол 40 метрден баспен гол кіргізді. Аргентинаның «Велес» командасының қақпашысы шабуылдың бетін қайтарам деп сәл асығыс танытып, допты ортаға тастай салады. Ал Палермо ойланбастан келген допты 40 метрден басымен қақпаға қарай сүңгітіп жіберді.

Рюдзиро Уэда, «Фагиано Окаяма» мен «Йокогама» матчы 

Палермоның рекорды бар-жоғы екі жылға ғана жалғасты. Оны алдымен Норвегия чемпионатының футболшысы жаңартты. «Одд Гренланд» командасының қорғаушысы Йон Самуэльсен өз айып алаңынан баспен ұрып кіргізді. Бұл 58,13 метр болатын. Бұл гол да «Гиннестің» рекордтар кітабына кірді. Ол «Тромсе» командасының қақпасына салған.

Норвегия футболшысы 2011 жылдың қыркүйек айында соқса, 31 қазанда Жапония чемпионатында «Фагиано Окаяма» командасының қорғаушысы Рюджиро Уэда дәл осындай қашықтықтан дәлдік танытып, рекордты жаңартты. Уэда Самуэльсеннен асып, 58,6 метрден соққан. Негізі ондай қашықтықтан аяқпен гол салатындар жетерлік, бірақ баспен кіргізу өте сирек кездесетін жағдай.

Марко Ван Бастен, «Милан» мен «Реал» матчы

Месси мен Роналдудың эрасына дейін «Алтын допты» үш реттен жеңіп алған үш футболшы ғана болған. Соның бірі – атақты Нидерланды футболының аңызы Марко Ван Бастен. Оның 1988 жылғы Еуропа чемпионатының финалында КСРО қақпасына соққан голын әлі күнге аңыз қылып айтатындар көп. Ал біз бүгін 1989 жылы «Миланда» жүріп, «Реал» қақпасына сүңгітіп салған баспен голын айтпақшымыз. Оң қапталдан өте ыңғайсыз келген допты Марко асқан шеберлікпен қақпаға басымен бағыттап үлгереді. Доп алдымен қақпа бағанына тиіп, сосын қақпашы абдырап қалған кезде қақпаға енеді. Бұл голдың әдемілігін одан сайын арттыра түсті.

Хавьер Эрнандес, «Манчестер Юнайтед» пен «Челси» матчы

«Чичарито» есімімен танымал мексикалық джокер карьерасында әжептәуір гол соққан ойыншы. Оның ішінде баспен кіргізгендері голдары жетерлік. Ерекше есте қалғандарының бірі, 2013 жылы наурыз айында «Манчестер Юнайтедте» жүргенінде «Челси» қақпасына салғаны. Лондон команждасының қақпасын Петр Чех күзетті. Ортадан өте жұмсақ көтерілген допты Чичаритоның қалай соққанын тек қайталап көру керек. Қақпашы Чех амал жоқ көзімен шығарудан салудан басқа ештеңе істей алмады. Ал гол геометрияның заңдылығына бағынбаған.

Альберто Бриньоли, «Беневенто» мен «Милан» матчы

Бұған дейін біз көбіне алаңда ойнайтын футболшылардың голдарын сөз еттік. Енді бүгін шолуымыздың қақпашының голын аяқтамақшымыз. 2017 жылы желтоқсан айында Италияның А Сериясында ерекше гол салынды. «Беневенто» қақпашы Альберто Бриньоли 95-минутта есепті теңестіреді. Командасы жеңіліп жатқан соңғы минуттардағы айып соққысы кезінде қақпашы қарсыластың айып алаңына жетіп барады. Оның бұл әрекеті өз нәтижесін берді. Алаңда жүрген әріптестеріне қарағанда әбілжіп қимылдап, Бриньоли баспен қақпаны дәл көздейді. Сөйтіп, А Сериясында дебют жасаған команда 14 жеңілістен кейін алғашқы ұпайын еншілегені бар.

Видео ұнаса қоңыраушыны басып, коммент жазыңыздар.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам